
Қазақстанның Ішкі істер министрлігі барлық ата-аналар мен кәмелетке толмағандардың заңды өкілдеріне, сондай-ақ студент жастар мен өзін-өзі жұмыспен қамтыған жастарға үндеу жасады, деп хабарлайды NUR.KZ.
Ведомствоның мәліметінше, жаңа оқу жылы басталғалы бері полиция қызметкерлері профилактикалық іс-шаралармен еліміздегі барлық дерлік мектептер мен оқу орындарын қамтыған.
Барлығы 16 мың профилактикалық іс-шара өткізілді. Оның 5 мыңнан астамы тәжірибелі педагогтердің, психологтардың және дәрігер-наркологтардың қатысуымен ұйымдастырылған.
Бүгінгі таңда есірткі қылмыстары үшін 69 кәмелетке толмаған жасөспірім ұсталды. Олардың ішінде 40 жасөспірім есірткі өткізгені үшін, 27-сі аса ірі мөлшерде есірткі сақтағаны үшін, 2-еуі есірткіні жарнамалағаны және насихаттағаны үшін жауапқа тартылған.
ІІМ атап өткендей, ұсталғандардың арасында 52 ұл және 17 қыз бала бар.
«Құрметті ата-аналар мен заңды өкілдер! Сіздерді мынадай белгілер ерекше алаңдатуы тиіс: ақшаның немесе қымбат заттардың кенеттен пайда болуы, телефон мен хат-хабар алмасудағы құпиялылық, әртүрлі нысандардың күмәнді скриншоттары. Есірткі айналымының нақты белгілеріне, ең алдымен, орамалар, пакеттер, изолента, электронды таразылар және басқа да заттар жатады.
Жасөспірімнің ортасына, оның бос уақытын қалай өткізетініне назар аудару қажет. Оның әлеуметтік желілердегі аккаунттарын, кімдерге жазылғанын және мессенджерлерде кімдермен жақын қарым-қатынас жасайтынын біліп отырыңыздар», – деді ІІМ Есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл комитеті басқармасының бастығы Бақытжан Амирханов.