
Қазақстандықтар жұмысынан айырылған жағдайда «жұмыссыздық бойынша жәрдемақы» рәсімдей алады. 1 қазаннан бастап төлемдерді үш айға дейін алуға болады. Толығырақ NUR.KZ тілшілері анықтады.
Қазақстанда ресми жұмыс істейтін азаматтар сақтандыру жағдайы туындаған кезде әлеуметтік төлемдер ала алады. Мысалы, мүгедектікке байланысты, бала күтіміне байланысты демалысқа шыққанда немесе жұмысынан айырылған жағдайда төлем тағайындалуы мүмкін.
Жұмысынан айырылғаны үшін өтемақы алу үшін азамат мансап орталығында ресми түрде жұмыссыз ретінде тіркелуі керек. Онда азаматқа жаңа жұмыс табуға көмектеседі. Егер жұмысқа орналасу мүмкін болмаса, оған ресми түрде «жұмыссыз» мәртебесі беріліп, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) әлеуметтік төлем тағайындалады.
ҚР Әлеуметтік кодексіне сәйкес, мұндай төлемнің ең жоғары мөлшері жоғалған табыстың 45%-ын құрауы мүмкін. Бұл ретте есептеу кезінде 7 ең төменгі жалақы мөлшерінен аспайтын табыс ескеріледі. Сонымен қатар әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілінің қосымша коэффициенті қолданылады, оның ең жоғары мәні 1,3 болуы мүмкін.
Қазіргі уақытта әлеуметтік төлем 6 айға дейін тағайындалуы мүмкін. Алайда төлем мерзімі әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне байланысты:
Алайда жақын арада төлем мерзімі өзгереді. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Facebook парақшындағы мәліметке сәйкес, 2026 жылғы 1 қазаннан бастап пилоттық жоба аясында төлемдер ең көп дегенде үш айға дейінгі мерзімге тағайындалады.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда төлем мерзімін қысқарту мүмкіндігі талқыланған болатын. Ол кезде төлемдерді төрт айға дейін қысқарту туралы айтылған еді.
Сондай-ақ әлеуметтік төлем жұмысынан айырылу себебіне қарамастан әр азаматқа тағайындалуы мүмкін.
Жұмысынан айырылған жағдайда өтемақы алу үшін өтінішті қалай беру керектігі туралы толығырақ NUR.KZ материалынан білуге болады.