
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы халыққа мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасы мен форматтарын жүйелі дамытып келеді. Ұсынылған заманауи шешімдердің бірі - «Жеке менеджер» сервисі. Аталған сервис түрін азаматтар халыққа қызмет көрсету орталықтарында да, көшпелі қызмет көрсету форматында да пайдалана алады. Көшпелі қызмет көрсету аясында маман тапсырыс берушімен келісілген уақытта көрсетілген мекенжайға арнайы барып қызмет көрсетеді. Бұл форматта ХҚКО арқылы көрсетілетін мемлекеттік қызметтер ұсынылады, алайда қауіпсіздік пен биометрия талаптарына байланысты жеке куәлік, төлқұжат, жүргізуші куәлігі мен көлік құралын тіркеу қызметтері бұл форматта ұсынылмайды. Көшпелі қызмет көрсету құны – 7 447 теңге. Осы сомаға ұйымдастыру мен жеткізу шығындары кіреді.
Сервиске тапсырыс беру өте қарапайым. Мемлекеттік корпорацияның ресми сайтына кіріп, «Жеке менеджер» бөліміндегі «Өтінім қалдыру» батырмасын басып, қажетті ақпаратты енгізу керек. Одан кейін мамандар қызмет алушымен хабарласып, өтінімнің мән-жайын нақтылап, қолайлы уақытты келіседі. Сонымен қатар өтінімді «ЦОН» мобильді қосымшасы немесе 1414 байланыс нөмірі арқылы да беруге болады. Оператормен сөйлескеннен кейін телефонға арнайы сілтеме жазылған SMS хабарлама келеді, соған өту арқылы өтінімді онлайн рәсімдеуге мүмкіндік бар.
Айта кетейік, Халыққа қызмет көрсету орталықтарының өзінде де «Жеке менеджер» сервисі қарастырылған. Бұл қызметті орталықта қолдансаңыз, сізге басымдығы бар талон беріледі. Одан кейін қызмет көрсету туралы келісімшарт жасалады. Халыққа қызмет көрсету орталықтарында бұл қызметтің құны – 5697 теңге, ал мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында – 6306 теңгені құрайды.
Азаматтардың уақытын үнемдеуге және ыңғайлылығын арттыруға бағытталған сервис Қостанай облысында жоғары сұранысқа ие. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында аймақтың 350-ге жуық тұрғыны ХҚКО-дағы жеке сүйемелдеу қызметін пайдаланған. Бұл қызмет әсіресе өңірдің кішкентай баласы бар ата-аналарға, жұмыс кестесі тығыз азаматтарға, кәсіпкерлерге және денсаулығына байланысты қозғалысы шектеулі жандарға қолайлылық туғызып отыр.