Отбасы болу өнері

Отбасы болу өнері

Отбасын нығайту және отбасылық құндылықтарды дәріптеу жобасы аясында Ұзынкөл ауданында Қостанай облысы Полиция департаментінің психолог-инспекторы Руди И.Б.-мен кездесулер өтті. Іс-шаралар Ұзынкөл, Ряжское және Новопокровка ауылдарында ұйымдастырылып, әртүрлі жастағы тұрғындарды отбасы амандығын сақтау мәселелері төңірегінде біріктірді.

Кездесуге қатысушылар қазіргі отбасының өзекті мәселелерін, отбасылық жанжалдардың себептерін, күйзеліс пен әлеуметтік факторлардың жақын адамдар арасындағы қарым-қатынасқа әсерін талқылады. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, ерлі-зайыптылар мен балалар арасындағы сенімді нығайту, сындарлы қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыру және отбасындағы өзара қолдауды дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Кездесу барысында тұрғындар өз тәжірибелерімен бөлісіп, маманға сұрақтар қойып, отбасындағы татулықты, өзара түсіністік пен сыйластықты сақтаудың жолдарын бірлесе іздеді. Қатысушылар ашық әңгімелесу, мәселелерді бірлесіп шешу және бір-бірінің қажеттіліктеріне көңіл бөлу берік әрі бақытты отбасының негізі екенін атап өтті.
Іс-шаралар «Қостанай облысы психологтар қауымдастығы» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен, «Ұзынкөл ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі» ММ тапсырысы бойынша өткізілді.