Мемлекеттік қызметшілердің құқықтары қалпына келтірілді

Мемлекеттік қызметшілердің құқықтары қалпына келтірілді

Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексі мемлекеттік қызметті атқару – қоғам мен мемлекеттің ерекше сенімінің көрінісі екенін айқындайды. Мемлекеттік қызметшілер жұмысының сапасына әлеуметтік тұрақтылық, өңірлердің экономикалық дамуы және азаматтардың билікке деген сенім деңгейі тікелей байланысты. Сондықтан олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау – кәсіби әрі тұрақты мемлекеттік аппарат қалыптастырудың маңызды шарттарының бірі.

2025 жылы Департамент жүргізген талдау және бақылау іс-шараларының қорытындысы бойынша 350 мемлекеттік қызметшінің құқықтары қалпына келтірілді, атап айтқанда:

  • 82 қызметшіге 1 млн теңгеден астам сомаға іссапар шығындары өтелді;
  • 5 қызметшіге олардың қызметіне тиісті бағалау жүргізіліп, нәтижесінде әділ түрде бонус алуына мүмкіндік берілді;
  • 10 қызметшіге өзге мемлекеттік лауазымның міндеттерін қоса атқарғаны үшін шамамен 300 000 теңге көлемінде төлем жасалды;
  • 13 қызметшінің лауазымдық жалақы белгілеуге құқық беретін еңбек өтілі қайта есептелді;
  • 218 қызметшіге негізсіз үстеме жұмысқа тартылғаны үшін демалыс күндері (өтемақы демалыс) берілді және т.б.

Бұл көрсеткіштер – жай ғана статистика емес, әрбір мемлекеттік қызметшіні қорғауға бағытталған нақты ұстанымның көрінісі. Қабылданған шаралар өңірлердегі мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын қалпына келтіруге мүмкіндік берді.

Атап айтқанда, Науырзым ауданында басшылық тарапынан жыл сайынғы еңбек демалысының бір бөлігін беруден бас тартылған екі қызметшінің құқығы қорғалды. Облыстық басқармалардың бірінің бас маманына еңбек демалысынан нақты кері шақырылмағанына қарамастан жұмысқа тартылғаны үшін тиісті төлем жүргізілді. Арқалық қаласының 11 қызметшісіне 400 мың теңгеден астам сомаға іссапар шығындарының жетіспейтін бөлігі өтелді.

Тәжірибе көрсеткендей, еңбек және қызметтік құқықтардың бұзылуына уақтылы әрекет ету мемлекеттік қызметшілердің жүйеге деген сенімін нығайтып, олардың уәждемесі мен жауапкершілігін арттырады.

Түптеп келгенде, бұл мемлекеттік басқару сапасына және халыққа көрсетілетін қызметтердің деңгейіне тікелей әсер етеді.

 

 

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет

істері агенттігінің Қостанай облысы бойынша

департаменті