
17 сәуір күні Басқарма басшысы Дулат Советханұлы жұмыс сапарымен Денисов ауданында болып, жергілікті инфрақұрылымның жай-күйін бақылады. Өңірдегі спорттық кешендерді жақсарту мүмкіндіктерін қарастыру мақсатында Денисов ауданында орналасқан балалар-жасөспірімдер спорт мектебімен, спорт мекемелеріне тиесілі спорт кешен жұмыстарымен танысты. Жұмыс сапары барысында Басқарма басшысын Денисов ауданының әкімі Катпаев Руслан Жуламанұлы қарсы алып, өңірдің спорттық нысандары мен алдағы жоспарлар жөнінде баяндап өтті.
Облыстың спортын дамыту, жастардың спортпен шұғылдануына жағдай жасау — басты мақсат. Осы ұстанымда жаз айларында болатын облыстық XXXVIII жазғы Спартакиада биыл Денисов ауданында өтеді. Басқарма басшысы Спартакиадаға дайындық жұмыстарымен де танысып қайтты.
Спартакиада аудандарда және елді мекендерде спортты дамыту мен ауқымын кеңейту, жастарды спорт арқылы салауатты өмір салтына баулу мақсатында ұйымдастырылады. Осы сынды ауқымды іс-шаралар тұрғындардың спортқа деген қызығушылығын арттырып, өзара қарым-қатынас құра білуге, ынтымақтастық құруға мүмкіндік береді.