Миланға жол: Қостанай облысынан Паралимпиадаға кімдер барады

Миланға жол: Қостанай облысынан Паралимпиадаға кімдер барады

Біздің параспортшылар Италияға аттанады! 2026 жылғы Қысқы Паралимпиада ойындарына қатысатын ұлттық құраманың құрамы белгілі болды. Милан мен Кортина-д’Ампеццода ел намысын Қостанай облысының үш өкілі қорғайды:

❄️ Юрий Березин (шаңғы жарысы және биатлон);
❄️ Нұрлан Әлімов (шаңғы жарысы);
❄️ Анна Грачёва (шаңғы жарысы).

Спортшылардың жетістігінің артында олардың жаттықтырушысы Ермек Ормантаевтың үлкен еңбегі тұр. Қазіргі уақытта команда Санкт-Морицте (Швейцария) соңғы оқу-жаттығу жиындарын өткізіп жатыр. Сол жерден олар тікелей жарыс өтетін орынға аттанады.

Қысқы Паралимпиада ойындары – 1976 жылдан бері өткізіліп келе жатқан ең ірі халықаралық спорттық жарыстардың бірі.

2026 жылғы Ойындарға әлемнің түкпір-түкпірінен 665 таңдаулы спортшы қатысады деп күтілуде. Олар спорттың 6 түрі бойынша 79 медаль жиынтығын сарапқа салады.

Жалпы квотаға 323 ерлер, 166 әйелдер және 176 гендерлік шектеусіз лицензия кіреді.

Паралимпиада ойындары 6 наурызда басталады; Қазақстан құрамасы шаңғы жарысынан 7, ал биатлоннан 4 лицензия иеленді.

Спортшыларымызға сәттілік тілейміз!