Жұмысшы мамандықтары жылы аясында ұйымдастырылған еліміздегі ең ауқымды спорттық бастамалардың бірі — «Алтайдан Оралға дейін» велошеруі өз жалғасын табуда. 2025 жылдың 26 мамырында бастау алған республикалық велошеру Қазақстанның сегіз өңірін қамти отырып, 8 маусымда мәресіне жетеді. 4 маусымда Қостанай қаласы аталмыш велошеру қатысушыларын салтанатты түрде қарсы алды. Қостанайдың орталық алаңында өткен ерекше іс-шараға 400-ге жуық колледж студенттері мен спорт сүйер тұрғындар жиналып, велошабандоздарға қолдау мен қошемет көрсетті.
Салтанатты шара барысында алғашқы сөзді Басқарма өкілі алып, қатысушыларға сәттілік тілеп, олардың еңбегі мен рухын жоғары бағалады. Одан бөлек, ҚР велоспорттан мемлекеттік жаттықтырушысы Денис Вячеславович сөз сөйлеп, спортшылардың батылдығына тәнті екенін жеткізді.
Ұйымдастырушылар тарапынан велошеру қатысушыларына қажырлы еңбектеріне деген ризашылықтың белгісі ретінде Қостанай облысының атынан естелік сыйлықтар табысталды.