Басқарма басшысы дзюдодан ұлттық құраманың қатысуымен маңызды кездесу өткізді
Спорт басқармасының басшысы Дулат Советханұлы дзюдодан Қазақстан Республикасы ұлттық құрамасының жаттықтырушысы Александр Сергеевич Плетневпен, ересектер арасында Қазақстан Республикасының чемпионы, ұлттық құраманың мүшесі Әлжан Нұрәділмен, Қостанай облысы дзюдо федерациясының атқарушы директоры Қазтай Талғатұлы Исмагуловпен маңызды кездесу өткізді.
Өңірдегі дзюдо спортын дамыту мәселелері, облыстық құраманың болашағынан үміт күттіретін дзюдошылары, сондай-ақ 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде халықаралық жарыстарға дайындалып жатқан Әлжан Нұрәділдің жаттығу барысы талқыланды. Жаттығу үдерісіндегі қазіргі қиындықтар мен спортшыларға арналған жағдайларды жақсарту қажеттілігіне ерекше назар аударылды.
Талқылау нәтижесінде дзюдо спортын облыста одан әрі қолдау және дамыту бойынша нақты қадамдар белгіленді. Мұндай кездесулер спортшылар, жаттықтырушылар, федерация өкілдері мен дене шынықтыру және спорт басқармасының арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді. Өз кезегінде Қазақстан дзюдосының, соның ішінде Қостанай облысындағы дзюдоның табысты болашағының кепілі болмақ.