Рейтингтік-балдық жүйе бойынша Мемлекеттік сатып алу қағидаларындағы өзгерістер

Рейтингтік-балдық жүйе бойынша Мемлекеттік сатып алу қағидаларындағы өзгерістер

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Қаржы министрінің 2023 жылғы 7 желтоқсандағы № 1263 өкімімен мынадай бұйрықтарға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді:

1) "Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2015 жылғы 11 желтоқсандағы № 648 Бұйрығы;

2) "мемлекеттік сатып алу тәсілін уәкілетті орган айқындайтын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің тізбесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары - Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2019 жылғы 29 шілдедегі № 798 бұйрығы;

3) "мемлекеттік сатып алу рейтингтік-балдық жүйені пайдалана отырып, тендер арқылы жүзеге асырылатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің тізбесін бекіту туралы"Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2022 жылғы 18 қаңтардағы № 46 бұйрығы.

Атап айтқанда, қайта ұйымдастырылған заңды тұлғаның қаржылық тұрақтылық көрсеткіштерін жаңарту үшін мемлекеттік сатып алуды өткізу қағидалары нақтыланды. Қайта ұйымдастырылған заңды тұлғаның (құқық мирасқорының) қаржылық орнықтылығы көрсеткіштерін біріктіру, қосылу жолымен веб-порталда шоғырландыру жағдайларын қоспағанда, мемлекеттік кіріс органдарының ақпараты үш жылдық кезеңнің соңғы есептік жылы үшін күнтізбелік жыл ішінде осы ақпарат қолданылатын жылдың алдындағы 1 қазаннан кешіктірілмей веб-порталда бір рет жаңартылатыны айқындалды. Бұл ретте қайта ұйымдастырылған заңды тұлғаның (құқықтық мирасқордың) қаржылық орнықтылық көрсеткіштері Экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуіші құрылымының бірінші деңгейінде (бөлімінде) өткен жылдың алдындағы үш жыл ішінде қайта ұйымдастырылған заңды тұлғалар қызметінің негізгі түріне сәйкес келген жағдайда жаңартылады. Мұндай қайта ұйымдастырылған заңды тұлға (құқықтық мирасқор) туралы ақпарат әлеуетті өнім берушінің сұрау салуы негізінде веб-порталда жаңартылатын болады.

Техникалық қадағалау бойынша инжинирингтік қызметтер саласында, сондай-ақ құрылыс саласында (құрылыс-монтаж жұмыстары және жобалау жұмыстары) әлеуетті өнім берушінің жұмыс тәжірибесін растайтын ақпараттың дұрыстығын айқындау және құжаттарды ұсыну тәртібі нақтыланды.

Сонымен қатар, рейтингтік-балдық жүйеге көшуге байланысты техникалық қадағалау қызметтеріндегі жұмыс өтілін есептеу тәртібі анықталды.

Жаңа редакция сондай-ақ: мемлекеттік сатып алу тәсілін уәкілетті орган айқындайтын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің тізбесін; оларға қатысты мемлекеттік сатып алу рейтингтік-балдық жүйені пайдалана отырып, тендер арқылы жүзеге асырылатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің тізбесін белгілейді.

Бұйрық 2024 жылдың 1 ақпанында күшіне енетін кейбір ережелерді қоспағанда, 2023 жылдың 20 желтоқсанында күшіне енеді.