26 қазанда Қостанай облысының әкіміне туризм саласындағы жаңа инвестициялық жоба — Қостанайда "Hilton Garden Inn" премиум-класты қонақ үй құрылысы таныстырылды, деп хабарлайды Қостанай қаласы әкімдігінің сайты.
Бұл үшін Қостанайға арнайы келген Ресейдегі және ТМД елдеріндегі Hilton дамыту жөніндегі директоры Алексей Шаталов Hilton Worldwide корпорациясына тиесілі 123 елдегі 7 мың қонақүйден тұратын халықаралық желінің жұмыс істеу принциптері туралы айтып берді.
140 қонақүй бөлмесінен тұратын сәнді Қостанай қонақ үйінде мейрамханалар, конференц-алаңдар, фитнес-зал, SPA кешені және т.б. жұмыс істейтін болады.
Hilton Garden Inn-бұл 1,8 га аумақта Триатлон саябағының жанында орналасқан 4 жұлдызды бес қабатты заманауи қонақ үй.
Триатлон паркін жайластыру бойынша іске асырылып жатқан инфрақұрылымдық жобалар-кірме жол, автоматты суару жүйесі, жарықтандыру, көптеген спорт алаңдарын салу жаңа бизнес — идеялары бар инвесторларды тарту үшін берік негіз жасайды.
Қостанайда әлемге әйгілі брендтің қонақ үйін салу жобасы облыс орталығы үшін ғана емес, бүкіл өңір үшін инвестициялық тартымдылыққа қуатты серпін беретініне сенім бар.