Бүгін Қостанай облысының әкімдігінде ҚР өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қ. Ж. Қажкеновтың, Қостанай облысы әкімінің орынбасары Б. К. Таңжарыковтың төрағалығымен қалалық аумақтарды абаттандыру мен көгалдандыруға, сондай-ақ урбанистиканы дамытуға кешенді көзқарас бойынша семинар-кеңес өтті.
Іс-шараға орталық атқарушы органдар мен құрылымдық бөлімшелердің өкілдері, жергілікті атқарушы органдардың басшылары, қалалар мен аудандар әкімдерінің орынбасарлары, сондай-ақ сәулет және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімдерінің басшылары қатысты.
Кеңес барысында кешенді абаттандыру, көгалдандыру, урбанистиканы дамыту және қалалық ортаның сапасын арттыру, сондай-ақ практикалық шешімдер бойынша тәжірибе алмасу мәселелері қаралды.
«Қазақстандық тұрғын үй компаниясы» АҚ Басқарма төрағасы А.Ш. Куздибаев Қостанай қаласын құрылыс тығыздығы, көлік инфрақұрылымы және даму әлеуеті бөлігінде кешенді зерттеу бойынша материалдарды ұсынды.
«Астанагенплан» ғылыми-зерттеу жобалау институты» ЖШС Бас директорының орынбасары Е. Б. Базыкен Қазақстан қалаларында урбанистиканың дамуы және Астана қаласының урбанистика орталығының жұмысы туралы айтып берді.
Қала әкімінің орынбасары А. М. Исенбаев Қостанайда жүзеге асырылып жатқан қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру бойынша қалалық жобалар туралы хабардар етті.
Сапар барысында вице-министр «Шағала» жағалауына, триатлон паркіне, «Ұлы дала» саябағына барды.
Вице-министрдің жұмыс сапарының мақсаты урбанистика, абаттандыру және жайлы қалалық орта құру саласындағы орталық және өңірлік билік органдары арасындағы ынтымақтастықты нығайту болып табылады.