2025 жылдың алғашқы бес айында Қостанай облысының құрылыс саласы тұрақты өсім көрсетіп отыр. Облыс әкімі Кумар Ақсақаловтың төрағалығымен өткен әкімдік отырысында мәлім етілгендей, құрылыс-монтаж жұмыстарының көлемі 2024 жылмен салыстырғанда 70 пайызға артып, 75,5 млрд теңгені құрады.
Аймақ үшін басым бағыттардың бірі – тұрғын үй құрылысы. Жыл басынан бері 179,5 мың шаршы метр баспана пайдалануға берілді, бұл – 1 810 пәтер. Қостанай қаласы, Рудный және Қостанай аудандарында орналасқан жаңа «Астана» және «Бәйтерек» шағын аудандары белсенді түрде дамып келеді. Жалпы алғанда, бұл аудандарда 150-ден астам тұрғын үй және әлеуметтік инфрақұрылымы бар нысандар салу жоспарланған.
Отырыста облыс әкімі өмір сүру ортасының сапасына ерекше назар аударды:
«Үй салған кезде аумақты абаттандыруға ерекше мән беру керек. Балалар және спорт алаңдары тек сапалы материалдардан жасалып, барлық құрылымдар берік орнатылуы тиіс. Мен құрылыс алаңдарын жеке өзім аралап жүрмін, аудан әкімдеріне бұл жұмысты қатаң бақылауға алуды тапсырдым. Қоғамдық бақылау – ең тиімді тәсіл», – деді Кумар Ақсақалов.
Сондай-ақ өңірде әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жалғасуда. Қазірдің өзінде жаңа мектептер, емханалар, балабақшалар мен спорт нысандары іске қосылған. Жыл соңына дейін ауылдық жерлерде тағы 15 әлеуметтік нысан пайдалануға беріледі.
Инженерлік инфрақұрылымға 8,7 млрд теңге бөлініп, Құнай, Береке, Астана және Бәйтерек шағын аудандарында тиісті жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар құрылыс материалдарын шығару ісі жанданып келеді: бес ай ішінде өндіріс көлемі 18,5 млрд теңгеге жеткен.