Құрылыс индустриясын цифрландыру туралы

Құрылыс индустриясын цифрландыру туралы

26 маусымда Орталық коммуникациялар қызметінде экономиканың басым секторларындағы цифрлық трансформацияның жүзеге асырылу барысына арналған брифинг өтті, деп хабарлайды ҚР ӨҚМ сайтында.

Іс-шарада ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Жәннат Дүбірова сөз сөйледі.

Қарқынды технологиялық даму жағдайында цифрландыру – мемлекеттік басқарудың тиімділігін, ашықтығын және орнықтылығын арттыратын басты құралдардың бірі. Осыған орай Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі аталған салаларда жүйелі цифрлық шешімдерді енгізу жұмыстарын кезең-кезеңімен жүргізіп келеді.

Құрылыс саласындағы цифрландыру

Цифрлық трансформацияның негізгі бағыттарының бірі — Мемлекеттік қала құрылысы кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесін (МҚҚК ААЖ) енгізу. Аталған жүйе:

  • нүктелік құрылысқа жол бермеуге;
  • бас жоспарлар, егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары (ЕЖЖ) және инженерлік желілер бойынша өзекті деректерге қол жеткізуге;
  • инфрақұрылымы дайын жер телімдерін әділ әрі ашық бөлуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

2025 жылдың III тоқсанында жүйені өндірістік пайдалануға енгізу жоспарланып отыр.

Ал IV тоқсаннан бастап келесі мемлекеттік қызметтер толықтай электронды форматта ұсынылады:

  • жобалау үшін бастапқы материалдарды беру;
  • эскиздік жобаларды келісу;
  • техникалық шарттарды беру.

Сондай-ақ, жыл соңына дейін Co-Pilot жасанды интеллект жүйесін қолдану бойынша пилоттық жоба іске асырылады.

Жоба аясында дрондар арқылы аумақты әуеден шолу жүргізіліп, алынған деректер бекітілген бас жоспарлармен және ЕЖЖ-мен салыстырылады. Егер сәйкессіздіктер анықталса, бұл ақпарат автоматты түрде сәулет-құрылыс бақылау органдарына (СҚБО) жолданады.