24 маусымда «Қостанай облысы әкімдігінің құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы» мемлекеттік мекемесінің басшысы Д.Тілеубаев Өңірлік коммуникациялар қызметінде «Қостанай облысында тұрғын үй саясатын іске асыру барысы туралы» тақырыбында өткен брифингке қатысты.
Тұрғын үйді пайдалануға беру қарқыны 102,5% құрады. Тұрғын үй құрылысы жобаларының басым бөлігі Қостанай қаласына тиесілі – 67,1%.
– Кезекте тұрған азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында биыл Ұзынкөл ауданында жалпы ауданы 1,2 мың шаршы метрді құрайтын 18 пәтерлі жалдамалы үйдің құрылысы жалғасуда, – дейді облыс әкімдігі құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Дидар ТЛЕУБАЕВ. – Бұл тұрғын үй баспанаға мұқтаждар есебінде тұрған азаматтарға қолданыстағы тұрғын үй заңнамасына сәйкес берілетін болады.
2025 жылы ипотекалық несие бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін жергілікті бюджет қаражаты есебінен жалпы сомасы 87,0 млн теңгені құрайтын 58 тұрғын үй сертификатын беру жоспарланып отыр.
Бюджет қаражаты есебінен Қостанай ауданының Астана және Бәйтерек шағын аудандарында жалпы ауданы 33 мың шаршы метр болатын 10 бес қабатты тұрғын үйдің құрылысы аяқталады. Бұдан бөлек, 9 және 16 қабатты тағы 21 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысын бастау жоспарланған.
Қостанайда «Құнай» шағын ауданында 10 МЖД және «Береке» шағын ауданында 5 тұрғын үй құрылысын аяқтау жоспарлануда. Бүгінгі таңда облыста барлық қаржыландыру көздері есебінен 179,5 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.