2022 жылғы 5 қарашада Мемлекет басшысы "Прокуратура туралы" ҚР Конституциялық Заңына қол қойды.

2022 жылғы 5 қарашада Мемлекет басшысы "Прокуратура туралы"                              ҚР Конституциялық Заңына қол қойды.

ҚР барлық Конституциялық Заңының негізгі және басты мақсаты қоғамда және мемлекетте құқық пен заңдылықтың үстемдігіне қол жеткізу болып табылады.

Енгізілген ҚР Конституциялық заңы қадағалау тетіктерін көздейді және барынша жүйелендірілген болып табылады. 

Қабылданған "Прокуратура туралы" ҚР Конституциялық Заңы ҚР Конституциясына енгізілген өзгерістерді іске асыру мақсатында әзірленді.

Адам мен азаматтың бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қорғау және қалпына келтіру үшін прокуратура, оның ішінде Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі уәкілмен өзара іс-қимыл жасайды және оның қызметіне жәрдем көрсетеді.

Прокуратураның негізгі міндеттері адамды, оның өмірін, құқықтары мен бостандықтарын мемлекеттің ең жоғары құндылықтары ретінде қорғау, сондай-ақ ел аумағында заңдылықты қамтамасыз ету болып табылады.

Конституциялық заң прокуратура органдарының құзыретін, қызметін ұйымдастыру мен тәртібін келесі бөлікте айқындайды:

- прокуратура органдары қызметінің құқықтық негізі және олардың құрылымы;

- прокуратура органдарының қызметі мен ұйымдастыру қағидаттары;

- прокурорлардың өкілеттіктері;

- жоғары қадағалаудың шектері мен нысандары, сотта мемлекет мүдделерін білдіру, қылмыстық қудалау, өтініштерді қарау;

- прокурорлар қызметінің құқықтық кепілдіктері.

Прокурорлардың қадағалау функцияларын күшейту мақсатында прокурорлық қадағалаудың жаңа актісі – заң бұзушылықтарға жол бермеу туралы түсіндіру енгізілді.

Құқық бұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында немесе дайындалып жатқан құқыққа қайшы әрекеттер туралы мәліметтер болған кезде прокурор жеке тұлғаларға және заңды тұлғалардың өкілдеріне Қазақстан Республикасының заңдарын бұзуға жол бермеу туралы жазбаша немесе ауызша нысанда түсіндіреді және оларды Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауапкершілік туралы ескертеді.