
Сарыкөл ауданында конфессияаралық келісімді нығайтуға бағытталған жоба аясында Сарыкөл, Тағыл, Соналы, Қоскөл, Комсомол және Севастополь ауылдарының тұрғындарымен ақпараттық-түсіндіру кездесулері өтті.
Жоба жетекшісі Юлия Калюжная қатысушыларға деструктивті діни ағымдардың теріс мәні, олардың адам санасына ықпал ету тетіктері және азаматтарды заңға қайшы әрі қоғамға жат әрекеттерге тарту тәсілдері туралы әңгімеледі. Кездесулер барысында сыни ойлауды дамытуға, деструктивті идеология белгілерін тануға және түрлі манипуляцияларға қарсы тұру дағдыларын қалыптастыруға ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар, конфессияаралық татулық пен қоғамдық келісімді сақтау, түрлі діндер мен мәдениеттер өкілдеріне құрметпен қарау, дәстүрлі рухани-адамгершілік құндылықтардың қоғамды нығайтудағы маңызы жөнінде пікір алмасу ұйымдастырылды.
Қатысушылар талқылауға белсенді қатысып, өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, пікірлерімен бөлісті. Мұндай кездесулер тұрғындардың діни сауаттылығын арттыруға, қоғамдық келісімді нығайтуға және деструктивті идеяларға қарсы иммунитет қалыптастыруға ықпал етеді.
Жоба «Қостанай облысы психологтарының қауымдастығы» қоғамдық қоры тарапынан Сарыкөл ауданы әкімдігінің Ішкі саясат бөлімі мемлекеттік мекемесінің тапсырысы бойынша жүзеге асырылуда. Оның мақсаты – қоғамдық келісімді нығайту, деструктивті идеологиялардың таралуының алдын алу және әртүрлі конфессия өкілдері арасындағы өзара құрмет пен түсіністік атмосферасын сақтау.
Жоба алдағы уақытта да жалғасып, аудан тұрғындарын бейбітшілік, өзара сыйластық және азаматтық жауапкершілік құндылықтары төңірегінде біріктіре береді.