Өнім, қолдау және ауыл тіршілігі туралы

Өнім, қолдау және ауыл тіршілігі туралы

Көктем келісімен Сарыкөл өңірінің ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері үшін жауапты кезең басталады. Табиғаттың тосын мінезіне қарамастан, диқандар еңсесін түсірмей, жыл сайын егіс науқанына тыңғылықты дайындалып, мол өнім алуды көздейді.

Биыл аудан бойынша жазғы егіс 358,0 мың гектар алқапта жүргізіледі деп жоспарланған. Оның ішінде дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар 275,8 мың гектарға орналастырылады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 9,4 мың гектарға аз. Ал бидай 211,8 мың гектарға себіледі, бұл да өткен жылға қарағанда 24,2 мың гектарға кем.

Егіс алқаптарының қысқаруы кейбір дәнді дақылдарға сұраныстың төмендеуімен байланысты. Дегенмен, биыл майлы дақылдар көлемі артып отыр. Олар 80,9 мың гектарды құрайды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 15,5 мың гектарға көп. Нарық сұранысы ұсынысты қалыптастыратыны белгілі.

Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Талғат Мұқановтың айтуынша, бұл — нарықтағы астықтың артық болуына байланысты қабылданған тиімді шешім. Себебі дәнді дақылдарды өсіруге кететін шығын көп болғанымен, табысы әрдайым ақтала бермейді.

Сонымен қатар, әлеуметтік маңызы бар дақылдар назардан тыс қалған жоқ. Биыл 177 гектарға қарақұмық, 426 гектарға картоп егіледі. Картоп көлемі өткен жылмен салыстырғанда 121 гектарға артқан. Сонымен бірге, Ауыл шаруашылығы министрлігінің ұсынысына сәйкес, жүгері дақылы да енгізіліп, 1,3 мың гектар алқапқа себіледі.

«КазПроИнвест» ЖШС жүгеріні толық көлемде егуді жоспарлап отыр. Негізгі басымдық — солтүстік өңірге бейімделген, тез пісетін элиталық гибрид сорттарға беріледі. Бұл бағытта шаруашылықтарға қажетті ақпарат толық жеткізілген.

Биылғы егіс науқанына 36,4 мың тонна сапалы тұқым дайындалған. Оның 89,6 пайызы — бірінші класты тұқымдар. Сорт жаңарту деңгейін 12,5 пайызға жеткізу жоспарланған. Ол үшін кемінде 4,6 мың тонна элиталық тұқым себілуі тиіс. Қазіргі таңда оның 2,5 мың тоннасы, яғни 55 пайызы сатып алынған.

Көктемгі дала жұмыстарына 4,6 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінді. Оның бағасы — литріне 281 теңге. Егіс науқанына 974 трактор, 1120 сепкіш және 66 егіс кешені дайындалуда.

Қаржылай қолдау — маңызды тірек

Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуде. «Продкорпорация» арқылы форвардтық сатып алу бағдарламасы аясында 2,5 млрд теңгеге 14 өтінім берілген.

«Кең Дала-2» бағдарламасы бойынша Аграрлық несие корпорациясы мен «Тобыл» ӘКК-не 9,1 млрд теңгеге 73 өтінім жолданды. Оның ішінде 45 өтінімге 4,3 млрд теңге берілді, тағы 11 өтінім қаржыландыру сатысында.

Жер құнарлылығы — басты назарда

Биыл 27,3 мың тонна минералды тыңайтқыш енгізу жоспарланған. Қазіргі таңда 7,7 мың тоннаға келісімшарт жасалып, 2801 тоннасы шаруашылықтарға жеткізілген.

Мал шаруашылығы — даму жолында

2026–2030 жылдарға арналған кешенді жоспар аясында «Береке», «Игілік» және «Жайлау» бағдарламалары жүзеге асырылуда.

Жоспар бойынша ірі қара мал саны 12,5 мың басқа, ұсақ мал 28,1 мың басқа жеткізілуі тиіс. Алайда қазіргі көрсеткіштер бұл межеден төмен — тиісінше 10,5 мың және 20 мың бас. Сондықтан жеңілдетілген несие бағдарламаларын тиімді пайдалану қажет.

«Ауыл аманаты» бағдарламасы да жалғасуда. Облысқа қосымша 6,7 млрд теңге бөлінген. Қазіргі таңда жалпы құны 220,3 млн теңгені құрайтын 31 жоба дайындалған.

Ветеринария және қауіпсіздік

Қаңғыбас иттер мәселесін шешуге 3,2 млн теңге бөлінді. Бұл қаражат жануарларды аулау, егу және стерилизациялау жұмыстарына бағытталған.

Сонымен қатар, бес елді мекенде мал қорымдары салынбақ. Бұл мақсатқа 122,5 млн теңге қарастырылған. Бұдан бөлек, 210 млн теңгеге 7 модульдік ветеринарлық пункт сатып алу жоспарлануда.