Сарыкөлде инфрақұрылымды дамыту мәселелері талқыланды

Сарыкөлде инфрақұрылымды дамыту мәселелері талқыланды

Сарыкөл кентінде инфрақұрылымды дамыту және жаңғырту бағытындағы жүйелі жұмыстар жалғасуда.

Кезекті жұмыс сапары аудан әкімі Марат Шымырбековтің басшылығымен өтіп, елді мекеннің келбетін жақсарту және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған негізгі жобаларды талқылауға арналды.

Кездесуге ауданның ақсақалы, бұрынғы аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Серік Ғабдулұлы да қатысты. Жиын барысында алдағы уақытта атқарылатын жұмыстардың басым бағыттары қаралды.

Атап айтқанда, республикалық автомобиль жолы бойына кіреберіс арка орнату жобасы талқыланды. Бұл нысан кенттің бет-бейнесін айқындайтын маңызды архитектуралық белгі болмақ. Сонымен қатар, екі көпқабатты тұрғын үй мен екі пәтерлі тұрғын үй салу мәселелері қаралды. Бұл бастамалар тұрғындарды баспанамен қамту деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, орталық саябақтың жобасына өзгерістер енгізу бойынша ұсыныстар қарастырылды. Жобаны жетілдіру арқылы саябақты тұрғындардың демалысына қолайлы, заманауи әрі функционалды кеңістікке айналдыру көзделіп отыр.

Аудан әкімі Марат Шымырбеков атап өткендей, аталған жобаларды жүзеге асыру елді мекеннің дамуына серпін береді.

«Инфрақұрылымды кешенді дамыту, абаттандыру және тұрғын үй салу – ауыл тұрғындарының өмір сапасын арттырудың негізгі тетігі. Біздің мақсатымыз – Сарыкөлді заманауи әрі қолайлы елді мекенге айналдыру» - деді ол.

Кездесу қорытындысы бойынша алдағы жұмыстардың нақты бағыттары айқындалды. Жұмыстар жоспарға сәйкес жалғасатын болады