Кездесу барысында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында бес әлеуметтік індетке қарсы күрестің маңыздылығын атап өткенін еске салды. Олардың ішінде ойынқұмарлық мәселесі де бар. Лудомания – бұл жай ғана жаман әдет емес, ол отбасылардың күйреуіне, қаржылық қиындықтарға және тіпті қылмыстарға әкелетін психикалық бұзылыс.
Отырыс барысында мемлекеттік қызметшілердің құмар ойындарға тәуелді болуының қауіпті салдары талқыланды. Лудомания қаржылық тұрақсыздыққа, кәсіби біліктіліктің төмендеуіне, ал кейбір жағдайларда сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарға әкелуі мүмкін. Бұл тәуелділіктің дамуына жұмыс барысындағы стресс, материалдық ресурстарға қолжетімділік және әлеуметтік қысым сияқты факторлар әсер ететіні айтылды.
Әдеп жөніндегі уәкіл лудоманияның алдын алу бойынша қабылданған заңнамалық шараларға тоқталды. Мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексіне ойын мекемелеріне баруға тыйым салу туралы ережелер енгізілді. Сонымен қатар, 2024 жылғы 8 шілдеден бастап «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңға мемлекеттік қызметшілердің құмар ойындарға қатысуына қатысты жаңа шектеулер қосылды.