
1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні – елімізде тұратын барлық халықтардың достығы мен ынтымағын, тату көршілік пен өзара құрметті білдіретін мереке. Осы мемлекеттік мереке қарсаңында, 2026 жылғы 27 сәуірде Рудный қалалық мемлекеттік архивінің архивисі Турабекова Ж. 6-сынып оқушыларына «Қазақстан халқының бірлігі күні» тақырыбында мектеп сабағын өткізді. Сабақ Рудный қаласы білім бөлімінің Бейімбет Майлин атындағы №7 мектеп-гимназиясы КММ-де өтті. Турабекова Ж. оқушыларға Қазақстанда 130-дан астам этнос өкілдері бейбітшілік пен келісімде өмір сүріп жатқанын, ал халқымыздың бірлігі – күшті әрі гүлденген мемлекеттің басты көрсеткіші екенін түсіндірді. Архивтік құжаттарға сүйене отырып, ол өткен ғасырдың 50-жылдары Кеңес Одағының түкпір-түкпірінен түрлі ұлт өкілдері Қостанай облысына тың игеру үшін, Соколов-Сарыбай кен-байыту комбинатын және қаламызды салу үшін келгенін айтып берді. Сонымен қатар оқушыларға «Елдің күші – халық бірлігінде» атты фотодеректі көрме ұсынылды. Бұл көрме тың игерушілер мен Рудный қаласының құрметті азаматтарының құжаттар жинағы негізінде дайындалған.
Сабақ соңында Турабекова Ж. оқушылар арасында Қазақстан халқының ұлттары, олардың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары бойынша викторина өткізді. Сабақтың мақсаты – мемлекеттің тұрақты дамуы үшін достықтың, бейбітшіліктің және өзара қолдаудың маңыздылығын көрсету. Сабаққа 15 оқушы қатысты.