
Бүгін Рудный қаласында Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Болашақ мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған жаңа мектептің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Аталған ұлттық жоба оқушы орындарының тапшылығын азайтуға, үш ауысымды мектептерді кезең-кезеңімен жоюға, сондай-ақ заманауи білім беру ортасын қалыптастыруға бағытталған.
Мектептің құрылысы Samruk-Kazyna Construction қорының қатысуымен жүзеге асырылды. Жобалау, құрылыс жұмыстары және толық материалдық-техникалық жабдықтауға мердігер ұйым - «Antarium Group» ЖШС тарапынан 6,19 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінді. Ғимарат барлық қажетті инженерлік инфрақұрылыммен толық қамтылған: тиісті инженерлік желілер тартылып, оқу үдерісі үшін қауіпсіз әрі қолайлы жағдай жасалған.
Жаңа мектеп заманауи білім беру талаптарына толық сәйкес келеді: STEM-зертханалар, мамандандырылған оқу кабинеттері жабдықталған, сондай-ақ инклюзивті білім алуға қажетті жағдайлар қарастырылған. Бұл мектептің ашылуы Рудный қаласы үшін маңызды оқиға болып, білім беру инфрақұрылымын дамыту жолындағы елеулі қадамға айналды. Жаңа білім ордасы рудныйлық балалар үшін сапалы білімнің, мүмкіндіктерді ашудың және сенімді болашақтың мекені болсын!