
Бүгін Мемлекет басшысы 2026 жылғы 15 наурызда өткен республикалық референдумда халық қолдаған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын іске асыруға бағытталған бес конституциялық заңға қол қойды. Бұл заңдар еліміздің азаматтары қолдаған қағидаттар мен құндылықтарды өмірге енгізудегі алғашқы нақты қадам болды.
Бұл оқиғаның мен үшін маңызы ерекше. Конституциялық комиссияның мүшесі ретінде жаңа Конституция жобасын талқылауға және әзірлеуге тікелей қатыстым. Біздің мақсатымыз жекелеген нормаларды жаңарту ғана емес, адамның құқықтары, қауіпсіздігі мен әл-ауқаты басты назарда болатын Қазақстанның одан әрі дамуына арналған заманауи құқықтық негіз қалыптастыру болды.
Жаңа Конституция ашық мемлекет қағидаттарын орнықтырды, адам құқықтарының кепілдіктерін күшейтті, қоғамдық қатысудың жаңа институттарын бекітті, қоғам мен билік арасындағы диалог тетіктерін кеңейтті және биліктің халық алдындағы жауапкершілігін арттырды. Алайда кез келген Конституция тек қағаз жүзінде қалып қоймауы тиіс. Сондықтан референдумнан кейін заңнаманы елдің жаңа Негізгі заңына сәйкестендіру бойынша ауқымды жұмыс басталды.
Бүгін қол қойылған заңдар конституциялық реформаның негізгі бағыттарын қамтиды: жоғары мемлекеттік институттардың қызметі, елдің әкімшілік-аумақтық құрылысы, жаңа қоғамдық-саяси тетіктерді дамыту және мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру. Олардың әрқайсысы жаңа Конституцияда қаланған өзгерістердің заңды жалғасы болып табылады.
Ең бастысы, бұл шешімдердің барлығы мемлекеттілікті нығайтуға, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға, мемлекет пен қоғам арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етуге және өңірлердің одан әрі дамуына жағдай жасауға бағытталған.
Алдағы уақытта осы бес заңның әрқайсысына жеке тоқталып, олардың негізгі ережелері мен азаматтар мен өңірлер үшін ашатын мүмкіндіктері туралы айтып беремін.
Конституциялық реформа Негізгі заңды қабылдаумен аяқталмайды. Оның басты мәні – адамдар күнделікті өмірінде сезінетін нақты өзгерістерде.