Гаранин Иван Иванович

Гаранин Иван Иванович 1945 жылы 1 тамызда Қостанай облысы, Қазақ КСР Соколов кентінде совхоз директорының отбасында дүниеге келген.

Ол жергілікті жеті жылдық мектепте оқыды және оны бітіргеннен кейін Рудный қаласының № 6 мектебіне ауысты.

Алма-Ата дене шынықтыру және спорт институтын шаңғы спортынан жаттықтырушы-оқытушы мамандығы бойынша бітірген.

И.И. Гаранин – Олимпиада ойындарында өнер көрсеткен алғашқы қазақстандық спортшы, ол Олимпиада медальдарын жеңіп алды және осылайша өзінің кішкентай металлургтер қаласының (Рудный қаласы) атын шығарды.

1972 жылғы Саппоро қаласындағы олимпиада ойындарында 50 км жарыста 17-ші орынға тұрақтады. 1976 жылғы Инсбрук олимпиадасында 30 км жарыста және эстафетада екі қола медаль жеңіп алды, сонымен қатар тұғырға екі рет жақындап тоқтап, 15 км және 50 км жарыстарда 4-ші орынға ие болды.

1977 жылы аты аңызға айналған Васалоппет шаңғы жарысында жеңіске жетіп, тарихта осы марафонда жеңіске жеткен жалғыз кеңестік шаңғышы болды.  1980 жылы Италиядағы әйгілі 70 шақырымдық «Марчелонга» марафонында жеңіске жетіп, кеңестік және кейіннен қазақстандық шаңғышылар арасында жалғыз жеңімпаз атанды.

КСРО-ның 7 дүркін чемпионы: 30 км (1975), 50 км (1971, 1975), 70 км (1972, 1974, 1975, 1977).

Шаңғы қауымдастығының халықаралық комитеті ХХ ғасырдың ең үздік шаңғышы-шабандозы деп таныды. Халықаралық марафондарда көптеген жарқын жеңістерінің арқасында ол «марафон патшасы» деген лақап атқа ие болды.

Үлкен спорттан кеткеннен кейін де шаңғыны тастамады, «Рудный» СК құрамында ардагерлер арасындағы әлем чемпионаттарына сәтті қатысып, 1999 және 2007 жылдары екі рет әлем чемпионы атанды, 2012 жылы «қола» жеңіп алды.

Ол ардагерлер қозғалысының бастауында тұрды, ширек ғасырдан астам уақыт бұрын Рудныйда шаңғы әуесқойлары клубын құрды.

Мынадай спорттық атақтары мен марапаттары бар:

Велосипед спортынан КСРО спорт шебері,

Шаңғы жарысы бойынша КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері.

Қазақ КСР еңбек сіңірген жаттықтырушысы.

1970 жылдан 1981 жылға дейін КСРО құрамасының мүшесі.

1976 жылы Инсбрук олимпиадасында көрсеткен ерлігі үшін «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды.

2001 жылы спортты дамытуға қосқан зор үлесі және Отаны – Қазақстанға адалдығы үшін ҚР Үкіметі «Парасат» орденімен марапаттады.

Рудный қаласының Құрметті азаматы.

Қостанай облыстық мәслихатының 2023 жылғы 11 тамыздағы №37 шешімімен Иван Иванович Гаранинге «Қостанай облысының Құрметті азаматы» атағы берілді.

Дата публикации
11 октября 2023