Қызылшаға қарсы екпе алудың маңыздылығы

Қызылшаға қарсы екпе алудың маңыздылығы

Қызылшаға қарсы екпе алудың маңыздылығы

 

Қызылша – вирустық текті, өте жұқпалы инфекциялық ауру. Қызылша вирусы науқас адам тыныс алғанда, жөтелгенде немесе түшкіргенде ауа арқылы оңай таралады. Вирусты жұқтыру аурудың ауыр өтуіне, асқынуларға және өлім жағдайларына дейін әкелуі мүмкін.

Қызылшамен кез келген адам ауыруы мүмкін, алайда бұл ауру көбінесе балалар арасында кездеседі. Инфекция алдымен тыныс алу жолдарын зақымдап, кейін бүкіл ағзаға таралады. Аурудың негізгі белгілері: дене қызуының жоғарылауы, жөтел, мұрыннан су ағу және бүкіл денеге таралатын бөртпе. Қызылша кезіндегі өлім-жітім көбінесе инфекциялық үдерістің асқынуларымен байланысты. Қызылшаның асқынуларына соқырлық, энцефалит, ауыр диарея, құлақ инфекциялары және басқа да асқынулар жатады.

Қызылшаның алдын алудың ең тиімді жолы – халықты вакцинациялау. Қызылшаға қарсы вакцинация барлық балаларға ұсынылады. Қызылшаға қарсы вакцина қауіпсіздігімен, тиімділігімен және қолжетімділігімен ерекшеленеді.

Екпе ағзада вирусқа қарсы тұрақты иммунитеттің қалыптасуына ықпал етеді. Жеке қорғаныстан бөлек, вакцинация ұжымдық иммунитетті қалыптастырып, аурудың қоғам ішінде таралу қаупін төмендетеді.

Қызылшаға қарсы вакцинация әдетте бала жаста жүргізіледі. Қызылша, қызамық және эпидемиялық паротитке қарсы жоспарлы вакцина (ҚҚП) балаларға 12 айында және 6 жасында екі рет егіледі. Қызылша аурушаңдығының көтерілу кезеңінде 1 жасқа дейінгі балаларға да иммундау жүргізіледі, алайда 1 жасқа толғаннан кейін Қазақстан Республикасының профилактикалық екпелер күнтізбесіне сәйкес қайта вакцинация жасалады, себебі қызылшаға қарсы иммунитет әлсіреуі мүмкін.

Ересек адамдар да, егер бала кезінде егілмеген болса, вакцина ала алады. Ересектерге вакцинация 30 жасқа дейін жүргізіледі, 30 жастан кейін қызылшаға қарсы екпе салынбайды.

2026 жылға ҚҚП вакцинациясымен 1 жасқа дейінгі 98 бала қамту жоспарланған, сондай-ақ 6 жастағы 80 балаға вакцинация жүргізіледі.

Ауданда екпеден ресми түрде бас тарту жағдайлары – 4. Қызылшаның өршу жағдайлары тіркелмеген, тек жекелеген жағдайлар ғана байқалды. 2024 жылы 2 жағдай тіркелсе, 2025 жылы аурушаңдық тіркелмеген, ал 2026 жылдың ағымдағы кезеңінде 1 жағдай тіркелді.