Сау тұқым сеп – мол өнім тер!
Бидай – адамзат тарихындағы ең көне әрі маңызды азық-түлік дақылы. Қазақстан үшін де бұл дақыл ауыл шаруашылығы саласында айрықша орын алады. Елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, экспорттық әлеуетті арттыру және ауыл экономикасын дамытуда бидай өндірісінің рөлі зор. Бидай – негізгі тағамдық дақылдардың бірі. Одан: нан, ұн, макарон өнімдері; жемазықтық қоспалар; өнеркәсіптік өнімдер (крахмал, спирт, т.б.) алынады. Қазақстанның солтүстік, орталық және шығыс өңірлері – бидай өсіруге ең қолайлы аймақтар. Әсіресе Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақмола облыстары – еліміздің астықты өңірлері.
Дәнді дақылдар (мысалы, бидай, арпа, жүгері) – мал азығын өндіретін дақыл түрі. Алайда, ылғалды ауа райы, дұрыс агротехника сақталмауы, және зиянкестер мен патогендердің таралуы себебінен – өнімнің көлемі мен сапасы қатты төмендеу қаупі бар. Бұл – өсірген дақылдан толық өнім алу үшін, ауруларды уақытылы анықтап, күресу шараларын дұрыс ұйымдастыру қажет екенін білдіреді.
Ауыл шаруашылығының табысты болуы көбінесе сапалы тұқым қорына байланысты. «Не ексең – соны орасың» деген халық даналығы тегін айтылмаған. Өйткені тұқымның фитосанитарлық жағдайы, өнгіштігі және ауруларға төзімділігі тікелей болашақ өнімге әсер етеді. Сондықтан сау тұқым – мол әрі сапалы егіннің кепілі болып саналады.
Тұқым сапасының көрсеткіштері
Сау тұқым мынадай негізгі талаптарға сәйкес болуы керек:
- Жоғары өнгіштік (85-95% және одан жоғары);
- Масақтылығы мен сорттық тазалығы сақталған;
- Фитопатологиялық тұрғыдан таза (ауру қоздырғыштарынан арылған);
- Сыртқы зақымдануы жоқ;
- Өсіп-өнуге биологиялық қуаты жоғары.
Егер тұқым түрлі аурулармен (фузариоз, гельминтоспориоз, бактериоз, вирус т.б.) зақымданса, онда ол өну кезінде шіріп кетуі немесе ауруды өршітетін алғашқы көзіне айналуы мүмкін. Фитоанализ – аурудың алдын алу жолы. Тұқымды егіске дайындамас бұрын фитоанализ жасау өте маңызды. Ол арнайы зертханада тұқымның сыртқы және ішкі инфекциямен зақымдану дәрежесін анықтайды. Талдау нәтижесінде қауіпті аурулар табылса, тұқымдарды фунгицидтермен өңдеу (протравливание) жүргізіледі.
Қорытындылай келе, Сау тұқым – тек өнім кепілі ғана емес, сонымен қатар болашақ егіннің тұрақты, зиянсыз, сапалы болуына негіз. Сондықтан егіншілікпен айналысатын әрбір шаруашылық тұқым сапасын тексеріп, фитосанитарлық жағдайын бағалауға міндетті.
Егіс – елдің ырысы. Ал егістің берекесі – тұқымның сапасына тікелей байланысты.
ҚР АШМ АӨК МИК «Республикалық фитосанитариялық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы» РММ Науырзым аудандық филиалы тауар ауыл шаруашылығы өндірушілерімен және шаруа қожалықтарының басшыларымен бірлесіп жұмыс істейді. Филиал мамандары тұқым материалын фитопатологиялық талдау бойынша жұмыс жүргізуде. Жүргізілген талдау нәтижелерін және тұқымдарды себу алдындағы өңдеу бойынша ұсынымдарды бере отырып.
Бас фитопатолог Койбагорова Ж.М.