Сыбайлас жемқорлық – қоғам дамуына төнген қауіп
Сыбайлас жемқорлық – мемлекеттің дамуын тежейтін, азаматтардың билікке деген сенімін әлсірететін ең өзекті мәселелердің бірі. Тұрмыстық деңгейдегі парақорлықтан бастап ірі заңбұзушылықтарға дейінгі барлық көріністері экономикаға, әлеуметтік салаға және құқықтық жүйеге зор зиян келтіреді. Жемқорлықтың кең таралуының негізгі себептерінің бірі – құқықтық мәдениеттің төмендігі мен жекелеген лауазымды тұлғалардың жеке жауапкершілігінің аздығы. Мемлекеттік қызмет көрсетуде адами фактордың болуы – заңсыз әрекеттерге жол ашады. Сондықтан бүгінгі күні мемлекеттік процестерді цифрландыруға, бюджеттердің ашықтығына және мемлекеттік органдар қызметінің жариялылығына ерекше назар аударылуда. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл тек мемлекеттік құрылымдардың жұмысы емес. Қоғамның рөлі де зор: әрбір азамат жемқорлықтың зиянын түсініп, оған мүлдем төзбеушілік танытуы қажет. Қоғамдық бақылау, бұқаралық ақпарат құралдарының белсенділігі, үкіметтік емес ұйымдардың қатысуы — жемқорлыққа орын қалдырмайтын орта қалыптастырады. Мемлекеттік қызметшілер этикалық нормаларды сақтап, адалдық пен жауапкершіліктің үлгісі болуға міндетті. Тек билік пен қоғамның бірлескен күш-жігері арқылы сыбайлас жемқорлықты азайтып, елдің әділ әрі тұрақты дамуына жағдай жасауға болады.
Науырзым ауданы әкімінің аппараты заң бөлімі