Құтырудың алдын алу

Құтырудың алдын алу

Құтыру — Rabiesvirus вирусынан туындайтын жұқпалы ауру. Бұл ауру жылдам әрі
ауыр өтумен, сондай-ақ өлім-жітімнің жоғары ықтималдығымен сипатталады. Вирус
адам ағзасына құтырған жануар тістегеннен кейін енеді. Құтыру қоздырғышы
құтырған жануарлардың сілекейінде болады, кейде көз жасы мен несептен де
анықталады. Бұл ауру көбіне үйсіз немесе үй жануары емес топталып жүретін
жабайы жануарлар арасында таралған. Аурудың емделуін қиындататын басты себеп
— адамдардың агрессивті жануармен байланысқа түскеніне мән бермей, дәрігерге
кеш жүгінуі. Құтырудың құрбандары көбіне 5 пен 14 жас аралығындағы балалар
болады.
Инфекция адам мен жануарларға сілекей арқылы жұғады, көбінесе тістеу, тырнау
немесе сілекейдің шырышты қабаттарға (мысалы, көз, ауыз қуысы, ашық жара)
түсуі арқылы беріледі. Адамда құтыру ұзақ инкубациялық кезеңмен сипатталады.
Бұл кезең 1–3 айға, кейде одан да ұзаққа созылуы мүмкін. Осы уақыт ішінде адамда
вирус болады, бірақ аурудың белгілері байқалмайды.
Құтырудың алғашқы белгісі — тістелген жердегі жағымсыз сезімдер. Бұл кезде
жара жазылып кеткен болуы мүмкін. Бұл сезімдер күйдіру, ісіну, іріңдеу және
қызарумен білінеді. Тістелген жер ісіп кетеді.
Құтырудың алғашқы кезеңінде мынадай белгілер байқалуы мүмкін:
 дене қызуының көтерілуі;
 селқостық немесе керісінше қозу;
 түсініксіз қорқыныш;
 тәбеттің жоғалуы;
 дене салмағының азаюы.
Егер тістеген жер бет жағында болса, есту және көру елестері пайда болуы мүмкін.
Адам өзін-өзі бақылай алмай қалады, ал ауру біртіндеп үдей түседі.
Құтырған болуы мүмкін жануармен байланыс болғаннан кейін, ең алдымен жараны
өңдеу қажет. Тістелген жерді сабынмен ағып тұрған судың астында кемінде 10–15
минут мұқият жуыңыз. Содан кейін дереу жақын жердегі ауруханаға барыңыз.
Дәрігер жараны тексеріп, қажет болса, өңдеп, тігіс салады және құтыруға қарсы
вакцинация мәселесін шешеді.
Егер тістеген жануар үй жануары болса және жара жеңіл көрінсе де, дәрігерге бару
міндетті. Себебі вирус орталық жүйке жүйесіне жетіп, клиникалық белгілер пайда
болғаннан кейін, құтыру 100% өліммен аяқталады.

Жыл басынан бері аудан бойынша жануарлар тістеп алу, сілекейлеу және тырнап
алу бойынша 8 жағдай тіркелді, оның ішінде 2 жағдай — 14 жасқа дейінгі балалар
арасында. Жануар түрлері бойынша: 4 — ит, 3 — мысық, 1 — жылқы. Барлық
зардап шеккендерге құтыруға қарсы вакцина егілді.

Науырзым АСЭББ