Жемқорлық (лат. corruptio - сатып алу) — мемлекеттік басқару құрылымдарындағы лауазымды қызметкерлердің өздеріне тапсырылған қызмет мүмкіндіктерін жеке бастарының пайдасы мен мүддесі үшін пайдалану мақсатында жасаған қоғамға қауіпті қылмыстық іс-әрекеттері. Жемқорлықтың жалпылама белгілері: лауазымды адамның өзінің немесе делдал арқылы пара берушінің немесе оның өкілі болған адамның пайдасына жасаған іс-әрекеті (әрекетсіздігі) үшін ақша, бағалы қағаздар, өзге де мүлік, мүлік құқығы немесе мүлік сипатындағы пайда түрінде пара алу, туыстық, жерлестік, т.б. жақындықтарына байланысты қызметке ретсіз қабылдау және көтермелеу, сондай-ақ, мемлекеттік және қоғамдық мүліктерді талан-таражға салу. Мемлекетте жемқорлықтың бел алуы көлеңкелі экономиканың пайда болып, экономикалық өсу қарқынының тежелуіне және әлеуметтік, саяси шиеленістердің құрт асқынуына ұрындырады. Сонымен қатар жоғары лауазымды мемлекеттік қызметкерлер жаппай жемқорлыққа салынған жағдайда құқық қорғау органдары оларды жасаған қылмыстары үшін қылмыстық жауапкершілікке тарта алмайтын жағдай қалыптасады.
Қазақстан Республикасының заңына сәйкес мемлекеттiк мiндеттердi атқаратын адамдардың, сондай-ақ соларға теңестiрiлген адамдардың лауазымдық өкiлеттiгiн және соған байланысты мүмкiндiктерiн пайдалана отырып не мүлiктiк пайда алу үшiн олардың өз өкiлеттiктерiн өзгеше пайдалануы, жеке өзi немесе делдалдар арқылы заңда көзделмеген мүлiктiк игiлiктер мен артықшылықтар алуы, сол сияқты бұл адамдарға жеке және заңды тұлғалардың аталған игiлiктер мен артықшылықтарды құқыққа қарсы беруi арқылы оларды сатып алуы сыбайлас жемқорлық деп ұғынылады.
Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес заңы азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, сыбайлас жемқорлық көрiнiстерiнен туындайтын қауiп-қатерден Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге, сыбайлас жемқорлыққа байланысты құқық бұзушылықтың алдын алу, анықтау, олардың жолын кесу және ашу, олардың зардаптарын жою және кiнәлiлердi жауапқа тарту арқылы мемлекеттiк органдардың, мемлекеттiк мiндеттердi атқаратын лауазымды және басқа да адамдардың, сондай-ақ оларға теңестiрiлген адамдардың тиiмдi қызметiн қамтамасыз етуге бағытталған және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестiң негiзгi принциптерiн айқындап, сыбайлас жемқорлыққа байланысты құқық бұзушылықтың түрлерiн, сондай-ақ жауаптылықтың пайда болу жағдайларын белгiлейдi.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес:
1)барлық адамдардың заң мен сот алдында теңдiгi;
2) мемлекеттiк органдардың қызметiн анық құқықтық регламенттеудi, мұндай қызметтiң заңдылығы мен жариялылығын, оған мемлекеттiк және қоғамдық бақылауды қамтамасыз ету;
3) мемлекеттiк аппараттың құрылымдарын, кадр жұмысын жеке және заңды тұлғалар құқықтары мен заңды мүдделерiн қозғайтын мәселелердi шешу рәсiмдерiн жетiлдiру;
4) жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерiн, сондай-ақ мемлекеттiң әлеуметтiк-экономикалық, саяси-құқықтық ұйымдық-басқару жүйелерiн қорғаудың басымдығы;
5) Қазақстан Республикасы Конституциясы 39-бабының 1-тармағына сәйкес лауазымды адамдар мен мемлекеттiк мiндеттердi атқаруға уәкiлдiк берiлген басқа да адамдардың, сондай-ақ соларға теңестiрiлген адамдардың құқықтары мен бостандықтарын шектеуге жол берiлуiн тану;
5-1) мемлекеттік қызметшілерді әлеуметтік және құқықтық қорғауды мемлекеттің қамтамасыз етуі;
6) жеке және заңды тұлғалардың бұзылған құқықтары мен заңды мүдделерiн қалпына келтiру, сыбайлас жемқорлықпен құқық бұзушылықтың зиянды зардаптарын жою және олардың алдын алу;
7) сыбайлас жемқорлықпен құқық бұзушылыққа қарсы күреске жәрдем жасайтын азаматтардың жеке басының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету және оларды көтермелеу;
8) мемлекеттiк мiндеттердi атқаруға уәкiлдiк берiлген адамдар мен соларға теңестiрiлген адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерiн мемлекеттiң қорғауы, аталған адамдар мен олардың отбасыларына лайықты тұрмыс деңгейiн қамтамасыз ететiн жалақы (ақшалай үлес) мен жеңiлдiктер белгiлеу;
9) осындай қызметтi жүзеге асыратын заңды және жеке тұлғаларға кәсiпкерлiк қызметтi мемлекеттiк реттеуге өкiлеттiк берiлуiн болдырмау, сондай-ақ оған бақылау жасау және қадағалау;
10) сыбайлас жемқорлыққа байланысты қылмыстарды анықтау, ашу, жолын кесу және олардың алдын алу мақсатында жедел-iздестiру қызметi мен өзге де қызметтердi жүзеге асыру, сондай-ақ заңда белгiленген тәртiппен заңға қайшы тапқан ақша қаражаты мен өзге де мүлiктi заңдастыруға жол бермеу мақсатында арнайы қаржылық бақылау шараларын қолдану;
11) кәсіпкерлік қызметті атқару заңмен белгіленген қызметтік міндеттерімен көзделген жағдайларды қоспағанда, осы Заңның 3-бабының 1, 2 және 3-тармақтарында аталған адамдар үшін кәсіпкерлік қызметпен айналысуға, соның ішінде шаруашылық жүргізуші субъектілердің басқару органдарында ақы төленетін қызметтер атқаруға тыйым салуды белгілеу;
12) қоғамдық бақылауды қамтамасыз ету және қоғамда сыбайлас жемқорлық көріністеріне төзбеушілік жағдайын қалыптастыру негізінде жүзеге асырылады.