Өңірлік кадр резервтеріне іріктеудің қорытындысы жарияланды

Өңірлік кадр резервтеріне іріктеудің қорытындысы жарияланды

• Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде алғаш рет әр өңірде талантты жастар арасынан жаңашыл ойлайтын жас басқарушылардың тобын қалыптастыру мақсатында өңірлік кадр резервтеріне іріктеу жүргізілді.

• Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың өңірлік кадр резервтеріне іріктеу 2024 жылғы ақпан-тамыз айлары аралығында Мемлекеттік қызмет істері агенттігі және жергілікті атқарушы органдармен бірлесе өткізілді.

• Өңірлік кадр резервтерін қалыптастыру өңірлерді дамытудың ерекшелігі мен басымдықтарын ескере отырып, 7 бағыт (индустрия және өнеркәсіп, экономика және қаржы, әлеуметтік сала, тұрғын ұй-коммуналдық шаруашылығы және инфрақұрылым, агроөнеркәсіп кешені және жер қатынастары, цифрландыру және экология) бойынша жүргізілді.

• Нақты салалық бағыттар мен резервшілердің санын өңірлік кадр комиссиялары айқындады. Құжаттарды қабылдау кезеңі 2024 жылдың 1-31 наурыз аралығында өткізілді. Жобаның ресми сайтында барлығы 491 адам тіркелді, оның ішінде 323 кандидат іріктеуге қатысуға жіберілді.

• Заңнаманы білуге және жеке қасиеттерін бағалауға арналған тестілеу кезеңі өңірлерде орналасқан тестілеу орталықтарында офлайн форматта өткізілді. Бұл ретте, заңнаманы білуге арналған тестілеуге - 230 адам, жеке қасиеттерді бағалауға арналған тестілеуге 147 кандидат жіберілді.

• Құзыреттілікті бағалау кезеңі Астана қаласында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының базасында офлайн форматта Ассессмент-орталық әдісімен өткізілді. Ассессмент-орталықтың негізгі бөлігі 2024 жылдың 13-29 мамыры аралығында өтті.

• Осы кезеңге облыстан барлығы 62 кандидат жіберілді. Ассессмент-орталыққа 59 адам (95%) келіп, 3 адам (5%) келген жоқ. «Өңірлік кадр комиссиясында құрылымдық сұхбат» кезеңіне 54 адам өтті.

• Іріктеудің нәтижелері бойынша Қостанай облысының өңірлік резервіне барлығы 30 адам қабылданды.

• Өңірлік кадр резервтеріне қабылданған адамдардың тізімі жобаның оnir.pkrezerv.gov.kz ресми сайтында жарияланды.