
2026 жылғы 2 наурызда құқық бұзушылықтардың алдын алу саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейтін «Құқық бұзушылықтардың профилактикасы туралы» Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі – Заң) күшіне енеді.
Бірыңғай Заңның қабылдануы мыналарға бағытталған:
* адам мен азаматтың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін құқыққа қарсы қол сұғушылықтардан қорғауды қамтамасыз ету;
* құқық бұзушылықтың алдын алу жүйесін жетілдіру, сондай-ақ оларға ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтау, зерделеу және жою;
* құқық бұзушылық деңгейін төмендету;
* қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде және құқық бұзушылықтардың алдын алуға қатысуда азаматтардың белсенділігін арттыру.
Бұл ретте құқық бұзушылықтардың профилактикасы деп құқық бұзушылықтардың профилактикасы субъектілері жүзеге асыратын және құқық бұзушылықтардың жасалуына ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтау, зерделеу және жою жолымен құқықтық тәртіпті сақтауға және нығайтуға бағытталған құқықтық, экономикалық, әлеуметтік, ұйымдастырушылық және өзге де шаралар кешені түсініледі.
Заңның негізгі мақсаттары адам мен азаматтың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін құқыққа қарсы қол сұғушылықтардан қорғауды және сақтауды қамтамасыз ету, сондай-ақ жүйелі және алдын ала профилактикалық жұмыс есебінен құқықтық тәртіпті сақтау және нығайту болып табылады.
Заңмен анықталады:
* құқық бұзушылықтың алдын алу субъектілерінің тізбесі мен құзыреттері;
* құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелері бойынша ведомствоаралық үйлестіру және өзара іс-қимыл жүйесі;
* құқық бұзушылықтың алдын алудың бірыңғай жүйесі;
* құқық бұзушылықтың алдын алуға қатысатын адамдарды көтермелеу шаралары;
* Қазақстан Республикасының құқық бұзушылықтың алдын алу саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін жауапкершілік.
Заңның негізгі жаңалықтары
Маңызды жаңалықтардың бірі-азаматтар мен жергілікті қоғамдастықтарды құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі қызметке кеңінен тарту, содан кейін оларды көтермелеу. Профилактикалық жұмысқа білім беру, денсаулық сақтау, халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау салаларындағы ұйымдар мен уәкілетті органдар, бұқаралық ақпарат құралдары, кәсіпкерлік субъектілері, адам құқықтары жөніндегі уәкіл және басқа да субъектілер — Заңда белгіленген құзырет шегінде тартылады.
Ортақ жауапкершілік енгізіледі:
* әкімдер-өңірдегі құқықтық тәртіптің жай-күйі үшін;
* мемлекеттік органдар-өз құзыреті шеңберінде алдын алу шараларын іске асырғаны үшін;
* мәслихаттар — есептерді тыңдағаны және парламенттік бақылау үшін.
Профилактика субъектілерінің қызметін үйлестіру Қазақстан Республикасының Үкіметі жанынан, сондай-ақ облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың және облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары жанынан құрылатын құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссия арқылы жүзеге асырылатын болады. Оның жұмысының қорытындылары Қазақстан Республикасындағы қоғамдық қауіпсіздіктің жай-күйі (құқық бұзушылықтардың профилактикасы) туралы Ұлттық баяндамада көрсетілетін болады.
Заң тәуекелдерді ерте анықтауға және құқыққа қайшы мінез-құлықтың алдын алуға бағытталған жалпы, жеке және арнайы, соның ішінде виктимологиялық шараларды қамтитын құқық бұзушылықтардың алдын алу жүйесін бекітеді.
Алдын алудың жалпы шаралары мемлекеттік саясатты қалыптастыруға және құқық бұзушылықтардың әлеуметтік-экономикалық себептері мен жағдайларын жоюға бағытталған.
Жеке профилактика шараларына профилактикалық әңгімелер, ресми ескертулер, жақындауға тыйым салу, әкімшілік жазалар, өмірлік қиын жағдайдағы адамдар мен отбасыларды есепке алу, профилактикалық есепке алу және бақылау, қорғау ұйғарымдары және өзге де шаралар жатады. Олар құқық бұзушылықтардың алдын алу және оларды жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою мақсатында нақты адамдардың не шектеулі адамдар тобының құқықтық санасы мен мінез-құлқына мақсатты ықпал ету үшін қолданылады.
Арнайы алдын алу шаралары құқық бұзушылықтардың жекелеген түрлерінің алдын алуға және олардың жасалуына ықпал ететін факторларды жоюға бағытталған. Оларды қолдану үшін қоғамдық қауіпсіздікке, қоғамдық тәртіпке, сондай-ақ жеке адамның, қоғамның және мемлекеттің мүдделеріне қатерлер мен қатерлердің туындауы негіз болып табылады.
Заңда құқық бұзушылықтың алдын алудың мынадай негізгі қағидаттары бекітілген:
Өздеріне қатысты профилактикалық шаралар қолданылатын адамдар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен құқық бұзушылықтардың профилактикасы субъектілерінің әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымдануға құқылы.
Заң сонымен қатар адамның жеке немесе отбасылық құпиясын құрайтын жеке өмірі туралы мәліметтерді жария етуге тыйым салады.
Берілген ақпарат (түсіндермелі сипатында) азаматтардың құқықтық санасы мен құқықтық мәдениетін арттыру бағытында Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның Заң нормаларын жүзеге асыру бойынша хаттамалық тапсырмасын орындау (заң нормаларын іске асыру) мақсатында дайындалды.