
«БЖЗҚ» АҚ (БЖЗҚ, Қор) мен Business FM іскерлік радиостанциясының бірлескен жобасы іске асырылды. Бағдарлама жүргізушілері Рустам Мақсұтов пен Ерланби Дәулетияр БЖЗҚ және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің сарапшыларымен бірге елдің зейнетақы жүйесіне қатысты ең өзекті тақырыптарды аудио және бейне подкаст форматында талқылады. Радио тыңдаушылар мен көрермендерге осы саладағы әлемдік үрдістер туралы баяндап, күрделі нәрселерді қарапайым және түсінікті тілде түсіндірді.
Сұхбат барысында жаһандық демографиялық трендтер, әлем бойынша жинақтаушы құрамдас бөлікке көшу, зейнетақыны ұзақ мерзімді жоспарлау, қызметкерлерді жинақтарды қалыптастыруға ынталандыру мәселелері көтерілді. Сондай-ақ, зейнетақы активтерін басқару тақырыптары, жинақтарды инвестициялық портфельді басқарушыларға беру мүмкіндіктері, инвестициялық стратегияларды қалыптастырудың жаңа ережелерін енгізу, сондай-ақ зейнетақы төлемдерінің түрлері және зейнетақы заңнамасындағы соңғы өзгерістер қозғалды.
Жоба қазақстандықтардың зейнетақы жүйесі саласындағы қаржылық сауаттылығын арттыруға бағытталған. Бағдарлама кәсіпкерлерге, бизнесмендерге, сондай-ақ өздерінің зейнетақы жинақтарын қалыптастыруға және тиімді басқаруға мүдделі барлық адамдарға арналған.
Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне "Зейнетақы навигаторы" бағдарламасының бейне подкасттарын көріп шығуға кеңес береміз. Бұл – Қазақстанның зейнетақы жүйесі туралы шынайы, объективті және кәсіби материалдар дайындауға қажетті өзекті ақпаратты қайнар көзден алудың таптырмас тәсілі.
Төмендегі тақырыптар бойынша түсірілген 2025 жылғы бейнеподкасттарды тиісті сілтемелерден табасыздар:
"Зейнетақы навигаторы" бағдарламалары Business FM және БЖЗҚ YouTube арналарында, сондай-ақ Google, Yandex және iTunes подкасттарында қолжетімді.
Қазақстанның зейнетақы жүйесін қалыптастыру және дамыту туралы диалогтар БЖЗҚ YouTube-каналында дәстүрге айналды. Мұнда Григорий Марченко, Болат Жәмішев, Қадыржан Дамитов, Анвар Сайденов, Елена Бахмутова және т.б. сияқты танымал қазақстандық қаржыгерлер, сондай-ақ белгілі халықаралық мамандар өз пікірлерімен бөліседі.
Жаңалықтарды бірінші болып білу және сарапшылардан эксклюзивті ақпарат алу үшін БЖЗҚ-ның YouTube-арнасына жазылыңыздар.
БЖЗҚ 2013 жылғы 22 тамызда «ГНПФ» ЖЗҚ» АҚ негізінде құрылды. БЖЗҚ құрылтайшысы және акционері – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің «Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті» ММ арқылы Қазақстан Республикасының Үкіметі. БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады. Зейнетақы заңнамасына сәйкес БЖЗҚ міндетті зейнетақы жарналарын, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын, ерікті зейнетақы жарналарын тартуды, сондай-ақ "Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінде орналастырылған депозиттерге міндетті кепілдік беру туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым аударған кепілдік берілген депозит бойынша кепілдік берілген өтемнің талап етілмеген сомасы есебінен қалыптастырылған ерікті зейнетақы жарналарын есепке алып, оның есебін жүргізеді, зейнетақы төлемдерін жүзеге асыруды қамтамасыз етеді. Сондай-ақ Қор нысаналы активтер мен нысаналы талаптарды есепке алуды, нысаналы жинақтау шоттарына нысаналы жинақтарды (НЖ) есепке алу мен есептеуді, НЖ төлемдерін оларды алушының банк шоттарына есептеуді, "Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасы шеңберінде Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен НЖ қайтарымдарын есепке алуды жүзеге асырады (толығырақ www.enpf.kz сайтында).