2025 жылдың 2 қыркүйегінен бастап мемлекеттік қызметтерді цифрландыру және сапасын арттыру мақсатында «ЦОН» мобильді қосымшасында көлік құралдарын тіркеу кезінде сатып алу-сату шартын рәсімдеуге арналған жаңа сервис іске қосылды.
Бұған дейін көлікті сату немесе сатып алу үшін азаматтар қызмет көрсету орталықтарында QR-код арқылы шартқа қол қоятын. Енді бұл үдеріс «ЦОН» мобильді қосымшасының «Автокөлікті сатып алу-сату шарты» сервисі арқылы жүзеге асырылады. Шартқа қол қою үшін сатушы да, сатып алушы да электрондық цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) пайдаланады. Осылайша, шартты мамандандырылған ХҚКО-ға бармай тұрып алдын ала рәсімдеуге болады. Бұл азаматтарға уақытты үнемдеуге және қызметті алу процесін жеңілдетуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде, құжатқа қол қойылғаннан кейін оны ХҚКО-ға ұсыну арқылы көлікті тіркеу рәсімі аяқталады.
Маңыздысы, жасалған шарттың деректері сервистің базасында тұрақты түрде сақталады. Бұл ашықтықты қамтамасыз етіп, қажет болған жағдайда мәмілені қайта тексеруге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, құжатты қолдан жасау немесе қате мәлімет енгізу қаупін болдырмау үшін оның заңды күші сақталып, жеке деректердің құпиялығы қамтамасыз етіледі. Мемлекеттік ақпараттық жүйелермен интеграцияның арқасында мәліметтер автоматты түрде тексеріліп, қателіктердің алдын алады.
Бір шартты рәсімдеудің құны – 1 500 теңге.
Сервисті пайдалану үшін азаматтар «ЦОН» мобильді қосымшасын (App Store және Google Play) жүктеп, ЖСН мен телефон нөмірі арқылы авторизациядан өтуі қажет.
Бұл сервис келісімді рәсімдеудің қосымша мүмкіндігі, осылайша, азаматтар мемлекеттік қызметті өзіне ыңғайлы кез келген тәсілмен ала алады.
Жаңа «Автокөлікті сатып алу-сату шарты» сервисі мемлекеттік қызметтерді цифрландыру бағытындағы маңызды қадамдардың бірі болып саналады. Ол қазақстандықтарға қызметті ыңғайлы, қауіпсіз әрі ашық форматта пайдалануға жол ашады.