17 маусым күні Мендіқара аудандық Мәдениет үйінде өткен «Қолөнер – ұлттық құндылығымыз» атты халық қолөнер шеберлері фестиваліне колледж студенттері, балалар өнер мектебінің тәрбиеленушілері және Боровское ауылының тұрғындары жиналды.
Фестивальдің басты мақсаты – тек қолөнер бұйымдарын көрсету немесе түрлі этностардың шеберлерімен таныстыру ғана емес. Бұл – түп-тамырға үңіліп, ұлттық мұраны сезінуге, түрлі техникаларды өз қолымен жасап көруге, шығармашылықтың қуанышына бөленуге берілген тамаша мүмкіндік. Бұл – ұрпақтар арасындағы байланысты нығайтып, рухани құндылықтарды сақтау және көпұлтты Отанымызға деген сүйіспеншілікті тәрбиелеудің жолы.
Бұрынғы замандарда Ұлы Жібек жолымен тек сауда ғана емес, қолөнер дәстүрлері де алмасып отырған. Дәл осындай мәдени көпірлер арқылы халықтар бір-бірінен шабыт алып, рухани байып, жаңа өнер түрлері дүниеге келді. Бүгінгі шеберлердің туындыларына көз салсақ, сол жолдың әлі де жалғасып келе жатқанын көреміз.
Боровтықтар Махмутова Аминадан ұршықпен жүн иірудің қыр-сырын үйренді. Бұл шеберлік сабағында ерекше көңілді атмосфера орнады: егер ұршық қолыңнан түсіп кетсе, міндетті түрде жаңылтпаш немесе мақал-мәтел айтып беру керек! Қыздар әжелерінен естіген тақпақтарды шаттана айтып отырды.
Андриянова Надежданың матаға акрилмен сурет салу шеберлік сабағы үлкен қызығушылық тудырды – балалар өз футболкалары мен джинс шалбарларына өсімдік өрнектерін қуана бейнеледі.
Жансая Ысмағұлованың жетекшілігімен келген қонақтар тек өздеріне емес, бүкіл отбасы мүшелеріне арналған тұмарлар жасап, бұл процеске ерекше ілтипатпен қарады.
Бекболатова Айгүлдің құрғақ фильцтеу (ине арқылы), ал Акулова Татьяна жүргізген сабынды ерітіндімен дымқыл фильцтеу сабағы – балалар мен ересектердің көңілінен толық шықты. Таңқаларлық ештеңе жоқ: фильцтеу – күйзелістен арылуға, ұсақ моториканы дамытуға көмектесетін тамаша арт-терапиялық әдіс.
Фестивальдегі ең жас шебер – небәрі 16 жастағы Маргарита Сафиулина. Оның брелок жасау шеберлік сабағына балалар ұзын-сонар кезекке тұрды. Оларды кішкентай әшекейлер мен түрлі құралдар – қысқыштар, домалақ тістеуіктер, пинцеттер қатты қызықтырды.
Қатысушылардың пікірінен-ақ фестивальдің қаншалықты әсерлі болғанын аңғаруға болады:
«Өте керемет әрі қызықты! Тағы 100 брелок жасап шығаруға дайынмын!», «Біз ішкі қабілетімізді аштық. Керемет көңіл-күй мен әсер алдық!», «Маған бәрі ұнады. Киімге сурет салу – нағыз креатив!»,«Қызықты екен. Ұршықпен иіру қатты ұнады, өзіме білезік пен тұмар жасап алдым. Бұл өте дана өнер!», «Шығармашылық әлеміне ендік, демалдық, эмоция жинадық, әдемі бұйымдар сатып алдық».
Фестиваль ұйымдастырушылары – «Қостанай облысы психологтар қауымдастығы» ҚҚ және Мендіқара ауданының ішкі саясат бөлімі – барлық қатысушыларға алғыс білдіреді. Осындай шаралар арқылы біз мәдени мұраны сақтап қана қоймай, этносаралық және конфессияаралық келісімді нығайтамыз. Өзге ұлттардың мәдениетіне деген қызығушылық арқылы біз өзімізді де, ортақ жолымызды да тереңірек түсінеміз.