Тенизовское ауылынан шыққан Волосюктар отбасы — бұл берік махаббаттың, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан отбасы дәстүрлерінің және өзара құрметтің шынайы тарихы. Сергей Николаевич пен Анжела Николаевна осыдан 24 жыл бұрын тағдырларын бір арнаға тоғыстырып, сенімге, қамқорлық пен шынайылыққа негізделген отбасының мызғымас іргетасын қалаған. 2026 жылдың сәуірінде олар күміс тойларын атап өтпек.
Олардың махаббат хикаясы қарапайым, бірақ тағдырлы кездесуден басталған. Жастық шағында ортақ дастархан басында танысып, бір-бірінің жүрегінен орын тапқан қос ғашық содан бері айырылмас жұпқа айналды. Бүгінде олар — екеу ғана емес, үлкен, ұйымшыл отбасы. Екі баласы — қыздары Олеся мен ұлдары Никита — ер жетіп, қоғам өміріне өз үлестерін қосып жүр.
Волосюктар отбасы тату-тәтті өмір сүріп, ауыл мен ауданның қоғамдық өміріне белсене араласады. Олардың үйі — әрдайым жылы шырай, күлкі мен сүйіспеншілікке толы орын. Бұл шаңырақта отбасылық дәстүрлер – жай ғана сөз емес, нақты өмір салты: бірге той тойлау, әже жанында кешкі дастархан басында отырып сырласу, табиғат аясындағы демалыстар, жұлдызды аспан астында билеу, отбасылық ойындар — осының бәрі шынайы бірлікті қалыптастырады.
Отбасында тәрбиеге ерекше көңіл бөлінеді. Мұнда әрбір адамның жеке пікірі құрметке ие, әр бала мейірім мен жауапкершілікке тәрбиеленеді. Балаларға жастайынан үлкендерді сыйлау, еңбекқор болу, шыншылдық пен бір-біріне демеу болу секілді маңызды құндылықтар сіңіріледі. Олардың ұраны — «Әр дауыс маңызды, әр пікір бағалы».
Волосюктар үшін отбасы — тек қан байланысы емес, шабыт пен күштің қайнар көзі. Бұл шаңырақта нағыз сезімдер өмірге келіп, жүрегі мейірім мен ашықтыққа толы ұрпақ өсіп келеді.