
Құрметті облыс тұрғындары!
Осы бапта тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы заңнамадағы жаңа өзгерістер қарастырылады.
2026 жылғы 12 наурыздан бастап өзгерістер күшіне енді, оған сәйкес үлескерлермен тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарттар тек қана электрондық нысанда жасалатын болады. Шарт жасалғаннан кейін, бұрынғыдай, облыс әкімдігінде есепке қою үшін «ҚАЗРЕСТР» ақпараттық жүйесінде міндетті тіркеуге жатады.
Салынып жатқан көппәтерлі тұрғын үйлерден пәтер сатып алуға үлестік қатысу шартын жасасу арқылы ғана, енді — тек қана электрондық нысанда жол берілетінін есте ұстаған жөн.Брондау шарттары, алдын ала сатып алу-сату шарттары, инвестициялау немесе қаржылық көмек көрсету шарттары сияқты жосықсыз құрылыс салушылар ұсынуы мүмкін өзге де схемалар үлескерлердің қаражатын тартудың заңды нысандары болып табылмайды. «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес мұндай шарттар жарамсыз деп танылады (Заңның 3-бабы).
Салынып жатқан көппәтерлі тұрғын үйден пәтер сатып алуға және оны болашақта тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы заңнаманың талаптарын сақтамай беруге байланысты осындай шарттар жасасуға тыйым салынады (ҚР АК 390-б. 8-т.).
Әдетте, мұндай шарттар қарапайым жазбаша нысанда ғана ресімделеді және «ҚАЗРЕЕСТР» жүйесінде тіркелмейді, бұл қазірдің өзінде ескертуге және мұндай ұсыныстардың заңдылығына күмән туғызуға тиіс.
Көлеңкелі нарыққа қарсы күрес мақсатында үлестік қатысу саласындағы бұзушылықтар үшін жауапкершілік шаралары да қатаңдатылды. Осылайша, Бірыңғай оператордың кепілдігінсіз немесе тиісті рұқсатынсыз жеке тұлғалардың ақшалай қаражатын тартқан жағдайда, кәсіпкерлік субъектілері 750-ден 2000 АЕК-ке дейінгі айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болады.
Бұдан басқа, салынып жатқан көппәтерлі тұрғын үйлердің жарнамасын өндіргені, таратқаны және (немесе) орналастырғаны үшін үлескерлердің қаражатын тартуға тиісті рұқсатсыз не Бірыңғай оператордың кепілдігінсіз әкімшілік жауапкершілік көзделген — 500-ден 1000 АЕК-ке дейінгі айыппұл.
Құрметті облыс тұрғындары, салынып жатқан көппәтерлі тұрғын үйден пәтер сатып алу бойынша мәміле жасасар алдында сіз әрқашан 8 (7142) 575-115 телефоны бойынша Басқарма мамандарынан кеңес ала аласыз және құрылыс салушының тиісті рұқсаты не кепілдігі бар-жоғын нақтылай аласыз.