2025 жылдың 25 ақпанында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына және Халықаралық ана тілдері күніне орай Қостанай облысы әкімдігі Мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен этностық тілдерді үйретуге арналған «Ана тілі» оқулығының салтанатты тұсаукесері өтті. Оқулық Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің, «Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының тапсырысы бойынша әзірленген.
Іс-шараға мемлекеттік органдар, үкіметтік емес ұйымдар, бұқаралық ақпарат құралдары, жоғары оқу орындары мен этномәдени бірлестіктердің өкілдері, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері қатысты.
Жиын барысында облыстағы тіл саясатының жүзеге асырылуы, этностардың ана тілдерін оқыту бағытындағы жұмыстар талқыланып, жаңа оқулықтың құрылымы мен ерекшеліктері таныстырылды.
Этномәдени бірлестіктердің өкілдері ана тілдерін оқытуға қолдау көрсетіп отырған жергілікті атқарушы органдарға алғыс білдіріп, қазақ тілінің ел бірлігін нығайтудағы рөлін ерекше атап өтті.
Армян, башқұрт, кәріс тілдерін үйретуге арналған «Ана тілі» оқулығы оқу үдерісінде қолдануға ұсынылды.
Оқулық авторларына алғыс жарияланып, шара соңында Е.Өмірзақов атындағы облыстық филармония әртістері концерттік бағдарлама ұсынды.
Тіл – ұлттың рухани байлығы! Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мен этностардың ана тілдерін қолдау – еліміздегі ұлттар бірлігінің кепілі.