Былтырғы жылдан бері елімізде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Наурыз мейрамын тойлаудың жаңа форматы бекітілді. Бұл – Наурызнама онкүндігі.
Бүгін Наурыздың басы – Амал мерекесі. Қостанай облысы әкімдігі мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен Жастар сарайында Көрісу күні салтанатты түрде аталып өтті. Бұл ауқымды шарада аймағымыздың мәдениет мекемелері этноауыл ұйымдастырып, театрландырылған көріністер, концерттік бағдарламаны тамашалады.
Амал мерекесіне өңіріміздің ел ағалары, депутаттар, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым, белсенді жастар, БАҚ өкілдері арнайы келді. Жиналғандарды Қостанай облыстық мәслихатының төрағасы Сайлаубек Ещанов арнайы құттықтап, жаңару мен жаңғыру, жақсылыққа жол ашатын ізгі мейрамның жыл өткен сайын ауқым алып келе жатқанын жеткізді.
«Наурызнама» онкүндігі аясында елімізде көптеген қайырымдылық акциялары, мәдени-спорттық, танымдық іс-шаралар ұйымдастырылады. Мұның барлығы қазақ халқының дәстүрлерін, мәдениеті мен тарихын насихаттауға бағытталған.
Береке мен бірліктің мерекесі Наурыз – өткен мен бүгіннің, Қазақстанның түрлі мәдениеттері мен дәстүрлерінің арасындағы көпір. Баршаңызды Ұлыстың ұлы күнімен құттықтаймыз! Әз Наурыз әр шаңыраққа бақ-береке, ынтымақ әкелсін.