2025 жылғы 2 наурызда Қостанай қаласында Қостанай және Түркістан облыстары ақындарының «Адал еңбек – ер дәулеті» атты республикалық командалық айтысы өтті. Бұл мәдени іс-шарада екі өңірдің ақындары мен дәстүрлі өнерпаздары қайым, түре, сүре, қыз бен жігіт айтысы секілді айтыс түрлерінде сынға түсті. Сонымен қатар, жыршы-термешілер, дәстүрлі әншілер мен күйшілер де өз өнерлерін көрсетті.
Қостанай облысының командасын белгілі ақын Айбек Қалиев бастап шықса, түркістандық өнерпаздарды айтыскер ақын Тұрар Тлеулиев бастап келді.
Қазылар алқасының төрағасы – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Жүрсін Ерман.
Жыр додасын белгілі айтыскер ақын, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Аманжол Әлтай тізгіндеді.
Қазылар алқасының шешімі бойынша Қостанай командасы – 194 ұпай, Түркістан командасы – 196 ұпай жинады. Осылайша, Түркістан облысының командасы жеңіске жетті.
Қостанай облыстық Мәдениет басқармасының басшысы Құралбек Атамұратов жеңімпаз командаға жолдама табыстады.
Жеңіске жеткен түркістандық өнерпаздарды құттықтаймыз!