Қазақ КСР Халық әртісі, театр мен киноның аса көрнекті актері Сералы Қожамқұловтың 125 жылдығына арналған «SERALY Film Festival» республикалық қысқаметражды көркем фильмдер фестивалі

Қазақ КСР Халық әртісі, театр мен киноның аса көрнекті актері Сералы Қожамқұловтың 125 жылдығына арналған «SERALY Film Festival» республикалық қысқаметражды көркем фильмдер фестивалі

Фестивальдің іріктеу кезеңі онлайн форматта 2021 жылдың 1 қарашасы мен 10 желтоқсаны аралығында өтті.

Онлайн фестиваль-байқауына Қазақстанның әр түкпірінен 40 қатысушының өтінімі қабылданып, оның ішінен 4 номинация бойынша жеңімпаздар анықталды.

Серке Қожамқұловтың туған қызы П. Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінің аға оқытушысы, П. Чайковский атындағы Орта Азия халықаралық байқауының лауреаты Мәриям Сералықызы Қожамқұлова мен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, театр және кино актрисасы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Алтынай Нөгербек Тобыл төрінде тұңғыш рет өткізілген фестивальдің құрметті қонақтары болды.

Ү.ж. 4 мамырында «SERALY Film Festival» республикалық фестивалі аясында Мәриям Қожамқұлова атақты әкесі Сералы Қожамқұловтың туған жеріне барып қайтты. Ауданда музыка мектебі оның есімімен аталады және оның құрметіне аталған көше бар. Мәриям апай осы мектеп оқушыларына, ал оның серігі Наргиз Тамабекқызы музей қызметкерлеріне шеберлік сабағын өткізді.

Ү.ж. 4 мамырында фестиваль аясында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, театр және кино актрисасы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Алтынай Нөгербектің «Психофизикалық әрекет» атты шеберлік сағаты өтті. Киноиндустрияның мэтрімен бірге Қостанай қазақ драма театрының әртістері де белсенді қатысты.

Ү.ж. 5 мамырында сағат 11.00-де офлайн форматта кинофестиваль лауреаттарының фильмдері Жастар сарайының конференц - залында көрсетілді және БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз конференциясы өтті.

Ал сағат 15.00-де І. Омаров атындағы облыстық қазақ драма театрында «SERALY Film Festival» республикалық қысқаметражды көркем фильмдер фестиваль-байқауының марапаттау рәсімі өтті.

Театр фойесінде С. Қожамқұлов мұражайынан көрме орналастырылды. Көрмемен Алматы қаласы М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры музейінің жетекшісі, мәдениет саласының үздігі Наргиз Тамабекқызы таныстырды.

Марапаттау рәсімі театрландырылған көріністен басталды.

Байқаудың марапаттау рәсіміне  қазылар алқасының төрағасы, С. Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ музыкалық-драмалық театрының директоры, театр және кино актері Сәкен Досхан Сәкенұлы, қазылар алқасының мүшесі М. Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры музейінің жетекшісі, Мәдениет саласының үздігі Наргиз Тамабекқызы, продюсер, кинорежиссер Мадина Әлімқан қатысты.

Байқаудың қорытындысы бойынша «Үздік оператор» номинациясында Саипов Фархад (Шымкент қаласы) «Үздік режиссер» номинациясында Жатқанов Есбол (Қостанай қаласынан Қостанай қаласы), «Үздік сценарист» номинациясында Тлеухор Жарқын (Нұр-Сұлтан қаласы), «Үздік қысқаметражды фильм» номинациясында Дастанұлы Рүстем (Алматы қаласы) марапатталды.

Барлық номинанттарға диплом, мүсінше және сертификаттар табысталды.