2021 жылдың 27-28 сәуір күндері Қостанай ауданы, Тобыл қаласы «Алтын дән» мәдениет үйінде сатирик-жазушы, этнограф-ғалым Сейіт Кенжеахметов атындағы «Мірдің оғы» Республикалық әзіл-сықақ театрларының фестивалі өтті.
Фестивальдің мақсаты – Сейіт Кенжеахметовтың шығармашылық мұрасымен танысу, «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру, облыстағы әзіл-сықақ театрларының орындаушылық шеберлігін шыңдау, өңіріміздің талантты өнерпаздарын анықтау, әзіл-сықақ театрларының бір-бірімен тәжірибе алмасуы арқылы өнерлерін жетілдіру, жандандыру.
Аталған фестивальге Ақтөбе, Алматы, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Маңғыстау, Қостанай облысының әзіл-сықақ театрлары барлығы 10 ұжым қатысты.
Фестивальге қатысушы өнер ұжымдарына мәдениет және өнер қайраткерлері Қазақстан Республикасы мәдениет саласының үздігі, Президент сыйлығының, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Парасат» орденінің иегері, ақын, сатирик, қазылар алқасының төрағасы Көпен Әмірбек; ұстаз-ғалым, Ы. Алтынсарин атындағы медальдің иегері, «Жеті қазына» этнопедагогика бойынша бағдарлама авторы, «Әлем көшбасшысы» құрметті атағының иегері Кенжеахметова Зәмзагүл Сейітқызы; Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, Қостанай облыстық телеарнасы филиалы төрағасының орынбасары, ақын Абылай Мауданов қазылық жасады.
Қазылар алқасының шешімі бойынша «Сейіт Кенжеахметов атындағы жүлдені» «Екі Езу» сатира театры (Ақтөбе қаласы); «Ғұмар Ахметчин атындағы жүлдені» «Бостан» әзіл-сықақ ұжымы (Маңғыстау облысы, Қарақия ауданы, Бостан ауылы); «Оспанхан Әубәкіров атындағы жүлдені» «Тамаша» әзіл отауы, «Бәке, Сәке» әзіл дуэті (Алматы қаласы); «Садықбек Адамбеков атындағы жүлдені» Арғын Жүкебаев (Қостанай қаласы); «Асқар Тоқмағамбетов атындағы жүлдені» Жангелдин ауданы Халық театры; «Шона Смаханұлы атындағы жүлдені» Жамбыл облысы, Талас ауданының ұжымы; «Көрермен көзайымы» номинациясын Амангелді ауданы Халық театры иеленді. «Қожа» әзіл-сықақ театры (БҚО Қазталов ауданы), Арқалық қазақ жасөспірімдер театры, «Мың бұлақ» халық театры (Жамбыл облысы) Алғыс хат, ақшалай сертификаттармен марапатталды.
Байқауға қатысушыларға Сейіт Кенжеахметовтің кітабы естелік ретінде табысталды.