
«Болашаққа өткеннен естелік» танымал қазақстандық суретші Исатай Исабаевтың музейдің қор жиынтығындағы графикалық жұмыстарының онлайн көрмесі.
Исатай Исабаев ҚазКСР Еңбек сіңірген өнер қайраткері, «Тарлан» Тәуелсіз сыйлығының иегері, шығармашылық жолы 1960 жылдары басталған қазақстандық графикалық суретшілерінінің қатарына жатады. Исабаев графикалық техниканың барлық түрлерін жақсы біледі – офорт, автолитография, линогравюра. Гуашь пен пастель, тушь пен көмір, акварель мен қарындаш - оның шығармашылық жолындағы тұрақты серіктері.
Исатай Исабаев қазақ эпосы мен халық өміріне арналған керемет кітап суреттемелері мен графикалық сериялардың авторы ретінде ерекше танымал болды. Суретші ауылдағы балалық шағы туралы естеліктерден шабыт алады. Оның анасы нағыз халық қолөнершісі болған: қолмен кілем тоқып, кесте тіккен. Оның ерекше туындылары кішкентай Исатайдың көкейіне қонды, сондай-ақ ол анасы айтқан қызықты халық аңыздарды есіне сақтады.
Ертеректегі драмалық және ерлік оқиғаларына, халықтың сарқылмас рухани байлығына деген терең қызығушылық И.Исабаевтың «Қазақтың халық эпосы» графикалық сериясында көрініс тапты. Исатай Исабаевтың туындыларында қамтылған қазақ халқының өмір суреттері стиль жағынан парсы миниатюраларына ұқсайды. Әрбір түр реңкі композицияны барынша қанықтырады, ал оның энергетикасы көрермендерді баурап алады.
Оның «Жекпе-жек», «Жеңіс» «Жырау», «Той» офорттарының графикалық сызықтары халықтың жан дүниесін, қан шайқастың шарасыздығы мен көңіл-күйін, халықтық әдет-ғұрыптардың мызғымастығы мен әсемдігін ашатын құтты бір ән сияқты. «Батырдың тууы» офортында үлкен киіз үй қуаныш пен шаттыққа толы. Суретші киіз үйдің безендірілуін, қыздардың мерекелік киімдерін, шабандоздардың әскери киімдерін этнографиялық тұрғыдан дәл жеткізеді.
И.Исабаевтың 1968 жылы «Айтыс» өлеңдер жинағына арналған линогравюра техникасында жасаған иллюстрациялары танымал образдардың философиялық тереңдігімен, сызықтардың виртуоздығымен, көркем тілдің эмоционалдылығымен таң қалдырады. И.Исабаевтың графикалық туындылары да, көркем суреттері де туған жерге және өз халқына деген сүйіспеншілікке толы. Оның туындылары қазақстандық бейнелеу өнерінің алтын қорына енгізілді, бірнеше рет республикалық, бүкілодақтық және халықаралық көрмелерге қойылды, музейлер мен жеке коллекцияларда кеңінен ұсынылған.