Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Бақытжан Саукеновтің 75 жылдық мерейтойына арналған «Өнерім – өмірім» шығармашылық кеші

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Бақытжан Саукеновтің 75 жылдық мерейтойына арналған «Өнерім – өмірім» шығармашылық кеші

2026 жылғы 24 маусымда Қостанай қаласындағы Жастар сарайында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, белгілі әнші және сазгер Бақытжан Саукеновтің 75 жылдық мерейтойына арналған «Өнерім – өмірім» атты шығармашылық кеш өтті.

Іс-шара мерейтой иесінің шығармашылық мұрасын насихаттау және оның отандық мәдениет пен өнерді дамытуға қосқан зор үлесін кеңінен таныту мақсатында ұйымдастырылды. Кеш барысында Бақытжан Саукеновтің шығармашылық жолының негізгі кезеңдері, жетістіктері мен ұлттық мәдени дәстүрлерді сақтап, дамытуға бағытталған көпжылдық еңбегі туралы айтылды.

Л.Н. Толстой атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана мерейтой иесінің өмірі мен шығармашылығына арналған тақырыптық кітап-көрме ұйымдастырды. Концерттік бағдарламаға Елубай Өмірзақов атындағы облыстық филармонияның «Ақжелең» этнографиялық фольклорлық ансамблі мен әншілері, сондай-ақ Арқалық қаласы, Алтынсарин, Жангелдин, Қостанай, Меңдіқара және Сарыкөл аудандарынан келген өнерпаздар қатысты. Сахна төрінде Бақытжан Саукеновтің кеңінен танымал әндері орындалып, әріптестері, достары мен замандастары оның кәсіби және шығармашылық қызметі туралы естеліктерімен бөлісті.

Кештің құрметті қонағы ретінде танымал қазақстандық әнші Досымжан Таңатаров қатысты.

Салтанатты шараға Жангелдин, Меңдіқара және Сарыкөл аудандарының, Рудный және Қостанай қалаларының өкілдері, жергілікті атқарушы органдардың басшылары, ардагерлер ұйымдарының мүшелері, мәдениет мекемелерінің қызметкерлері, өнер қайраткерлері, сала ардагерлері, әріптестері, шәкірттері, зиялы қауым және жұртшылық өкілдері қатысты.

Кешке қатысушылар мерейтой иесіне мәдениет саласындағы ұзақ жылғы жемісті еңбегі, жоғары кәсібилігі және ел мәдениетін дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін зор алғыстарын білдірді. Бақытжан Саукеновтің атына көптеген жылы лебіздер мен ізгі тілектер айтылып, бұл кеш оның өнерге адалдығы мен еңбегінің халық тарапынан жоғары бағаланғанының жарқын көрінісіне айналды.