2026 жылғы 22 мамырда IQostanay SMART-орталығында Қостанай облысы әкімінің орынбасары Б.Х. Нарымбетовтың қатысуымен белгілі жазушы, аудармашы, филология ғылымдарының кандидаты, «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының лауреаты, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері Камал Әлпейісоваға арналған шығармашылық кеш өтті.
Іс-шара Камал Әлпейісованың туған жерге жасаған шығармашылық сапары аясында өтіп, өңірдің мәдени өміріндегі маңызды оқиғалардың біріне айналды. Кешке зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері, оқырмандар мен қазақ әдебиетінің жанашырлары қатысты. Құрметті қонақтар қатарында белгілі қоғам қайраткерлері, білім, мәдениет және медиа саласының өкілдері болды.
Кездесу барысында көрермендер тәуелсіз Қазақстандағы ілеспе аударма мектебінің негізін қалаушылардың бірі, отандық әдебиет пен аударма өнерінің, қоғамдық ойдың дамуына зор үлес қосқан Камал Әбілқасымқызының өмір жолы және шығармашылығымен танысты.
Кеш шынайы сұхбатқа, рухани үндестік пен ұлттық мәдениетке деген құрметке толы атмосферада өтті. Қатысушылар үшін бұл кездесу Камал Әлпейісованың бай шығармашылық мұрасымен тереңірек танысуға және оның қазақстандық мәдениет, әдебиет пен аударма өнерін дамытуға қосқан көпжылдық еңбегіне ризашылық білдіруге мүмкіндік берді.