
21 мамыр күні Қостанай қаласында Ы. Алтынсарин атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының ұйымдастыруымен «Ibray step» еске алу марафоны өтті. Іс-шара ұлы ағартушының мұрасы ұрпақтарды әлі де біріктіріп, жастарды білімге ұмтылуға және туған өлкенің тарихын құрметтеуге шабыттандыратынын айқын көрсетті.
Марафонға Қостанай жоғары педагогикалық колледжінің, ЧелМУ Қостанай филиалының және Қостанай колледжінің студенттері қатысты. Бағыт Ы. Алтынсарин атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасынан басталып, ағартушы есімімен байланысты қаладағы тарихи орындарды қамтыды. Қатысушылар Орталық сквердегі Ыбырай Алтынсарин ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, кейін ұлы педагогтің кесенесіне барды.
Акцияның құрметті қонақтары Ахмет Байтұрсынұлы атындағы ҚРУ профессоры Айбек Батырханұлы Шалғымбеков және Ы. Алтынсарин атындағы Қостанай облыстық мемориалдық музейінің директоры Марғұлан Бақытбекұлы Оспанов болды.
Марафонның жастар тарапынан шынайы қолдау табуы ерекше маңызды болды. Бағыт бойы қатысушылар бағдарламаға белсенді араласып, Ыбырай Алтынсариннің тұлғасын және оның идеяларының қазіргі қоғам үшін маңызын жаңаша таныды.
Іс-шараның ерекше атмосферасын жоба серіктесі «АЗУРИТ» өндірістік-сауда фирмасы ұсынған кітапхана логотипі бейнеленген біркелкі футболкалар мен «Жұлдыз» студиясы тәрбиеленушілерінің жарқын музыкалық нөмірлері толықтырды.