
2026 жылғы 26 наурызда Қостанай қаласындағы «I-Qostanay» смарт орталығының акт залында «Астықтың астанасы, достықтың баспанасы – Қостанайым» атты дәстүрлі «Жас тұлпар» облыстық оқушылар айтысы өтті.
Биыл 34-ші мәрте ұйымдастырылған өнер додасы Қостанай облысының 90 жылдығына арналды. 1992 жылдан бері үздіксіз өткізіліп келе жатқан бұл айтыс жас таланттардың шығармашылық әлеуетін дамытуға, ұлттық сөз өнерін дәріптеуге және жас ұрпақтың рухани тәрбиесін нығайтуға бағытталған маңызды мәдени шара болып табылады.
Айтысқа облыстың қала және аудандарынан 19 жас ақын қатысып, туған өлке – Қостанай өңірінің тарихы, табиғаты мен тыныс-тіршілігін жырға қосты. Қатысушылар берілген тақырып аясында сөз сайыстырып, суырыпсалмалық қабілеті мен тапқырлығын жоғары деңгейде көрсетті. Іс-шараны Мұрат Нағашыбай жүргізді. Қазылар алқасының құрамында жазушы Әбутәліп Әбдіқалықов, ақын-журналист Нұрқанат Құлабаев және тарихшы Батырлан Сағынтаев болды.
Айтыс қорытындысы бойынша:
Бас жүлде – Нұрислам Рағат (Арқалық қаласы)
І орын – Таңжарық Ниязбек (Жангелдин ауданы)
ІІ орын – Нұрболат Айболұлы (Арқалық қаласы)
ІІІ орын – Нұрислам Оралбай (Сарыкөл ауданы).
Ғ. Ахметчин атындағы арнайы жүлде – Инабат Нағашыбай (Қостанай қаласы).