Классикаға заманауи көзқарас: «Записки сумасшедшего» спектаклінің премьерасы

Классикаға заманауи көзқарас: «Записки сумасшедшего» спектаклінің премьерасы

Ағымдағы жылдың 4 ақпанында облыстық қуыршақ театрында Н. В. Гогольдің повесі негізінде сахналанған «Записки сумасшедшего» спектаклінің премьерасы өтті. Қойылымды Грузиядан арнайы шақырылған режиссер Николоз Сабашвили жүзеге асырды. Режиссёр авторлық ойдың өзегін сақтай отырып, күрделі әрі көпқырлы шығарманы көрерменге әсерлі түрде жеткізе білді. Сахналық шешімдер, көркем декорациялар, жарық пен дыбыстың үйлесімді қолданылуы арқылы қойылымға заманауи серпін берілді. Бір сағат бойы көрермен назары спектакльдің басты кейіпкеріне толықтай аударылды. Бұл образды Төленді Әлқожа жоғары кәсіби шеберлікпен сомдап шықты. Ол жауапсыз махаббаттан, әлеуметтік әділетсіздіктен, түсінбеушілік пен жалғыздықтан жапа шеккен, ішкі жан дүниесі күйреген кейіпкердің трагедиясын терең психологиялық дәлдікпен аша білді.

Классикалық туындының заманауи сахналық интерпретациясы адамның жан дүниесінің нәзіктігі мен осалдығын көрсететін терең психологиялық толғанысқа айналды. Повесть шамамен екі ғасыр бұрын жазылғанына қарамастан, спектакльде көтерілген мәселелер бүгінгі күнде де өзектілігін жоғалтқан жоқ.