
2025 жылғы 20 желтоқсанда Қостанай қаласында қазақтың тұңғыш аруана жетектеген ақыны, ҚР Мәдениет қайраткері, облыстық меценаттар клубының «Қазына» сыйлығының лауреаты, ұлағатты ұстаз, есімі исі қазаққа кеңінен танымал айтыскер-ақын Әлпия Қарбозқызы Орманшинаның 70 жас мерейтойына арналған «Мен даламның қызымын» атты шығармашылық кеші өтті.
Жүрек тербеген өлең оның тағдырынан тамыр тартып, қаламынан туған әрбір жыр елдің үніне, халықтың мұң-мұқтажына айналды. Қаламы қызған сайын қазақтың қызына тән нәзіктік пен өр мінез, табиғатпен үндестік, жаратылысқа жанашырлық, адам болмысына адалдық айқын көрініс тапты. Ақын шығармашылығындағы туған жерге деген сүйіспеншілік, анаға құрмет, ел тағдыры мен ұрпақ болашағы – мәңгілік тақырыпқа айналған асыл құндылықтар. Кеш барысында ақынның жүректен шыққан сырлы өлеңдеріне жазылған әндер орындалып, көрерменнің көңілін толқытты.
Салтанатты кеште қазақ руханиятына сүбелі үлес қосып жүрген қаламгерлер Серікбай Оспанов, Ақылбек Шаяхмет, сондай-ақ Амангелді ауданы әкімінің орынбасары Төленов Сақан, ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Сейдин Сағынғали, Әулиекөл ауданы әкімінің орынбасары Кәкімжанов Жұматай, ел ағасы Бақберген Өтеулин сынды азаматтар құттықтау сөз сөйлеп, мерейтой иесіне сый-сияпаттарын табыстады.
Ұстаз жолын жалғаған шәкірттері, айтыскер ақын Мамай Ізтелеу мен Бағила Балмашева суырыпсалма сөз сайысына түсіп, кештің көркін қыздырып, рухани думанға айналдырды.
Ақынға арналған тағылымды кеш – қазақ поэзиясының биіктігін, сөз өнерінің құдіретін тағы бір мәрте айшықтаған мазмұнды мереке болды.