Сатирик, жазушы, этнограф, ғалым Сейіт Кенжеахметұлы атындағы «Мірдің оғы» республикалық әзіл-сықақ театрлары байқауы

Сатирик, жазушы, этнограф, ғалым Сейіт Кенжеахметұлы атындағы «Мірдің оғы» республикалық әзіл-сықақ театрлары байқауы

2025 жылдың 4 желтоқсанында Меңдіқара ауданында Сейіт Кенжеахметов атындағы «Мірдің оғы» республикалық әзіл-сықақ театрлар байқауы өтті. Облысымызда бесінші рет ұйымдастырылған бұл байқауға еліміздің әр өңірінен 8 театр ұжымы қатысып, өнер бәсекесінде бақ сынады.

Өнер додасының әділ өтуіне қазылық еткен мәдениет саласының беделді өкілдері арнайы келді. Олардың қатарында Асылбек Боранбаев – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Нұрлыбек Жұбатқан – жазушы-сатирик, ҚР мәдениет қайраткері және Бауыржан Орда – «Серпер» Жастар сыйлығының лауреаты. Атақты сатирик Көпен Әмірбек арамызда болмаса да, оның жары Әйгерім ханым мен ұлы Жұбаныш арнайы қонақ ретінде қатысты. Шараға белгілі ұстаз-ғалым, Ы.Алтынсарин медалінің иегері, «Жеті қазына» этнопедагогикалық бағдарламасының авторы, Сейіт Кенжеахметовтің қызы - Зәмзагүл Сейітқызы Кенжеахметова да келіп, әкесінің рухына тағзым етіп, қатысушыларға жылы лебізін білдірді.

Байқау екі кезеңнен тұрған еді. Алдымен Сейіт Кенжеахметов шығармаларынан үзінді орындау және еркін тақырыптағы қойылым ұсыну. Театр ұжымдары қазақ сатирасының табиғатын сақтай отырып, заманауи тақырыптарды да шебер қозғады. Көрермендер күлкіге қарық болып қана қоймай, ойға қалдырар дүние де көп болды.

Байқаудың жеңімпаздары:

  • Бас жүлде — Жангелдин ауданы «Мірдің оғы» әзіл-сықақ театры (жетекшісі Шыңғыс Садуақасов);
  • I орын — Жамбыл облысы, Талас ауданы (жетекшісі Мырзамбетова Жанар);
  • II орын — Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласы «Бозжыра» әзіл-сықақ театры (жетекшісі Нұров Қайырбек);
  • III орын — Арқалық қалалық «АБАДАН» әзіл-сықақ театры (жетекшісі Бейсенбек Мейрамбек).

Барлық қатысушыларға сертификаттар мен арнайы алғыс хаттар табысталды.

Байқау биыл да өз мақсатына жетті — Сейіт Кенжеахметовтің шығармашылық мұрасын насихаттап, әзіл-сықақ жанрын дамытатын таланттарды танытып, өңірлер арасындағы шығармашылық байланысты күшейтті.