"Kostanay Puppet life" Халықаралық қуыршақ театрларының фестивалі.

"Kostanay Puppet life" Халықаралық қуыршақ театрларының фестивалі.

Қостанай облыстық қуыршақ театрының жаңа маусымы мерейтойлық — ұжым өзінің 40 жылдық мерекесін атап өтуде. Осы айтулы оқиғаға орай 2025 жылдың 16–20 қыркүйек аралығында театрда «Kostanay Puppet life» Халықаралық қуыршақ театрлары фестивалі өтті. Фестивальге Қазақстаннан, Қытайдан, Ираннан, Перуден, Ресейден және Өзбекстаннан кәсіби қуыршақ театрларының ұжымдары қатысты. Фестиваль қойылымдары жанрлық әр алуандығымен, айрықша сценографиясымен, өзіндік көркемдік және театрлық тәсілдерімен ерекшеленді. Олар көрермендер мен қатысушыларға әр елдің қуыршақ өнерінің бай дәстүрлерімен танысуға мүмкіндік берді. Қазылар алқасының құрамына белгілі театр қайраткерлері: Анар Еркебай (Қазақстан), Марина Юдже (Түркия), Мухамадулло Таваров (Тәжікстан) енді.

Фестиваль бағдарламасына байқау спектакльдерін тамашалау мен талқылау, білім беру шаралары, сондай-ақ баспасөз конференциясы кірді. Қатысушылар үшін қуыршақ өнерінің майталманынан шеберлік сабағы өткізіліп, Қостанайдың тарихи-мәдени нысандарына экскурсия ұйымдастырылды. Фестивальдің құрметті қонағы – режиссёр, сценограф, «Tempo» театрының көркемдік жетекшісі, KUKSADER ұйымының (Қуыршақ ойындары, Қарагөз көлеңкелер театры және орындаушылық өнер қауымдастығы) президенті, Билкент университетінің оқытушысы Халюк Юдже (Түркия) қатысушылар мен қонақтарды көлеңке театрының ерекшеліктерімен  және қыр-сырымен таныстырды.

Мерейтойлық фестиваль салтанатты қорытындылау рәсімімен аяқталды. Қазылар алқасы бірнеше номинация бойынша жеңімпаздарды анықтады:

  • «Ең үздік спектакль» – «Nakhnama» театрының «Mathless» қойылымы, режиссёр Gheys Yasaghi (Иран);
  • «Ең үздік актёрлік ансамбль» – Маңғыстау облыстық қуыршақ театры «Дастархан» қойылымы, режиссёр Н. Насырова (Қазақстан, Ақтау);
  • «Ең үздік режиссёрлік жұмыс» – Ұлытау облысы С. Қожамқұлов атындағы қазақ музыкалық-драма театрының қуыршақ труппасы «Күй құдіреті» қойылымымен, режиссёр З. Тұрсымұратова (Қазақстан, Жезқазған);
  • «Ең үздік қуыршақ жүргізушісі» – «Sky Bird Puppet Group» театры «Қытай дәстүрлері» қойылымы, режиссёр Mr CHEUNG Chun Fai (Қытай);
  • «Ұлттық дәстүрді сақтағаны үшін» – Қызылорда облыстық Н. Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық-драма театрының «Нартайдың бүлдіршіндері» қуыршақ труппасы «Ұр, тоқпақ!» қойылымымен, режиссёр Е. Қабдыл (Қазақстан, Қызылорда);
  • «Жаңа көзқарас» номинациясында – «ТОХОТ» театры «Аңдар детективі. Қасқырдың апанында» қойылымы, режиссёр С. Черепанов (Ресей, Челябі).

Жеңімпаздар дипломдармен, мүсіншелермен және ақшалай сертификаттармен, қалған қатысушылар алғыс хаттармен марапатталды.

«Kostanay Puppet Life» фестивалі Қостанай облыстық қуыршақ театры тарихындағы ғана емес, халықаралық қуыршақ қауымдастығы тарихындағы да маңызды белестердің біріне айналары сөзсіз.